«СК-Фармация» компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архивінен

«СК-Фармация» компаниясына бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенат брифингі барысында мәлімдеді.

«Бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, басқа мәліметтерді жариялай алмаймын», – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақтыжан Базарбек «СК-Фармация» мемлекетке 35,8 млрд теңгеге жуық шығын келтіргенін айтқан болатын. Оның айтуынша, компания дәрі-дәрмектерді нарықтағы бағадан 365%-ға дейін қымбатқа сатып алып, сұраныссыз препараттар алған және дәрі-дәрмекті дұрыс бөлмеген. Осыған байланысты Базарбек пен депутат Мұрат Әбенов Бас прокуратураға арыз түсірген.

Ал 2024 жылғы қаржылық есебінде көрсетілген «СК-Фармация» компаниясының топ-менеджерлері бір жыл ішінде 147,2 млн теңге табыс тапқаны көрсетілген.

Сондай-ақ оқыңыз