Елде өлім-жітім азайғанына қарамастан, жерлеу рәсімінің бағасы қымбаттап жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жерлеу қызметінің құны бір жыл ішінде шамамен 6,6%-ға өсті / Фото: shutterstock

Қазақстанда өлім-жітім деңгейі азайды. 2025 жылдың алғашқы жартысында 64,6 мың адам қайтыс болды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға аз. Сонымен бірге жерлеу қызметтерінің көлемі де қысқарды. Мәселен кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер 2,5 млрд теңге табыс тапқан, ал былтыр көрсеткіш 2,9 млрд болған.

Energyprom.kz мәліметіне сүйенсек, ең көп қызмет Алматыда көрсетілген – 711 млн теңге. Одан кейін Қарағанды облысы – 695 млн теңге, Ақмола облысы – шамамен жарты миллиардты құрайды. Ең аз Ұлытау облысында, мұнда мыңға жетпейтін адам қайтыс болған.

«Қайтыс болудың негізгі себептері бұрынғыдай, қан айналымы жүйесінің аурулары, ісіктер, тыныс алу және ас қорыту мүшелерінің аурулары. Инфекциялық аурулар мен жарақаттардан болатын өлім азайған. Өлім коэффициенті өткен жылғы 1000 адамға шаққандағы 6,59-дан 6,39-ға төмендеді», – дейді портал сарапшылары.

Сұраныс аз, қызмет құны қымбат

Сұраныстың төмендегеніне қарамастан, жерлеу қызметтерінің бағасы өсіп жатыр. Бір жыл ішінде олар 6,6%-ға қымбаттаған.

«Қарағанды облысында баға 20%-ға өсті, Маңғыстауда – шамамен 11 %. Тек қана Жетісу облысында қыркүйек айында қызмет құны бірден 6,3 %-ға көтерілген», – делінген талдауда.

Айта кетейік мемлекет қайтыс болған азаматтардың отбасына біржолғы жәрдемақы төлейді. Зейнеткер қайтыс болған жағдайда 35 АЕК (120 750 теңге), Ұлы Отан соғысының қатысушысы немесе мүгедегі үшін – 36,6 АЕК (126 270 теңге), әлеуметтік жәрдемақы алушы үшін – 15,7 АЕК (54 165 теңге) көлемінде төлем беріледі. Ал жинақтаушы зейнетақы қорынан 94 АЕК (324 300 теңге) төленеді.

Салыстырмалы түрде айтсақ, Ресейде жерлеу рәсіміне мемлекет шамамен 61 мың теңге, ал Өзбекстанда – 21 мың теңге бөледі.

Ал Қырғызстанда жесір әйелдер мен ерлерге жұбайларының қабірінің жанына жерлеу үшін алдын ала орын дайындауға рұқсат етілген.

Сондай-ақ оқыңыз