Түркістанда “есірткі сатты” деген күдікпен екі полицей ұсталды

Жарияланды
Түркістанда «есірткі сатты» деген күдікпен екі полицей ұсталды /фото: polisia.kz

@Kozachkov_bot телеграмм каналы Түркістан облысында полиция қызметкерлерінің қамауға алынғаны туралы ақпарат таратты. Оған қарағанда, полицейлер тәркіленген есірткіні сатты деген күдікке ілінген.

«Дереккөздің мәліметінше, Ішкі істер министрлігінің жеке қауіпсіздік департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Ермеков пен жедел уәкіл Үсен Сұлтанбаевты полициямен бірге алып кеткен. Тағы бір жедел уәкіл жасырынып үлгерді» деп жазды @Kozachkov_bot телеграмм каналы.

Ақпаратты ішкі істер министрлігі растады. Бірақ жедел уәкілдің жасырынғаны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды. Күдіктілердің екеуі де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

“Ішкі істер министрі өз қатарымызды мұндай арам пиғылды қызметкерлерден тұрақты негізде тазарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыратыны туралы бірнеше рет атап өткен болатын. Антын сататын қызметкерлерге қарсы өзіміздің принципті ұстанымымызды мәлімдейміз», – деді министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Күдіктілерді ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті Түркістан облыстық полиция департаментімен бірге ұстаған. Облыстық полиция департаментінің тәртіптік комиссиясы екі қызметкерді жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған.

Сондай-ақ оқыңыз