Шымкентте ерекше балалардың ата-анасы әкімдікке барды

Жарияланды
Шымкентте ерекше балалардың ата-анасы әкімдікке барды/Фото: Дилара Иса

17 қазан күні Шымкентте ерекше баласы бар ондаған ата-ана қала әкімдігіне барды. Олар балалары баратын арнайы орталықтың қалалық білім басқармасына өтуіне қарсы. Өйткені бұл ерекше балаларды қажетті көмектен қағады деп отыр. Мұны қалалық білім басқармасы жоққа шығарады.

Шымкент қаласы әкімдігіне ерекше балалары бар ондаған ата-ана жиналды. Олар «Қамқорлық» №8 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының 150-ге жуық тәрбиеленушісі далада қалды деп дабыл қақты. Олардың бірі Әйгерім Үсенова 10 жасар баламды енді қайда алып барамын деп алаңдайды.

«2 жылда баламды үш рет мектептен шығарып жіберді. Маметов көшесіндегі арнайы интернат шығарып жіберді. 47 мектеп шығарды, енді 77 мектеп шығарып жатыр. Сонда бұл бала 18 жасқа дейін қайыршы болып жүруі керек пе? Баламның кінәсі не? Екпеден кейін миы ісініп, аутизммен ауырып қалғаны ма? Ол баланы дамытуға орталық керек қой», – дейді Әйгерім Үсенова.

Ата-аналардың сөзінше, қыркүйекке дейін орталық қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қарауында болған. Қазір қалалық білім басқармасына өткен. Бұл өзгеріс балаларды қоғамға бейімделуіне қажетті мемлекеттік тегін көмектен қағып отыр.

«Тып-тыныш ұйып отырған орталықтың ойранын шығарды. Балалар көшеде қалды. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиядан өтесіңдер деп жатыр. Бұл комиссиядан өтсек не орталықты не мектепті таңдауымыз керек болады. Себебі екеуі де білім басқармасына қарайды. Сосын не оңалту орталығына, не коррекциялық орталыққа жол жабылады. Өйткені оңалту орталығы психоневрология деп, коррекциялық орталық мектепте оқиды деп қабылдамайды. Бар сенеріміз осы – орталық. Қарызға батып, жылдар бойы баланы емдетіп келеміз. Көбі ІІ топ мүгедегі. Жәрдемақысы 2 сағат дефициологтың сабағына жетеді. Бізге кем дегенде күніне 5 сағат коррекциялық жұмыс керек», – дейді ерекше баланың анасы Бақтыгүл Құлназарова.

Жиналғандар бұған дейін де бұл мәселені көтеріп, қала әкімдігіне шағымданғанын айтады. Олар бұрынғы орталықтағы балаға берілетін мүмкіндік толық сақталғанын талап етеді.

«Орталық қалалық білім басқармасына өтсе, көп көмек алынады. Дефиктолог, логопед аптасына 2 сағат қана жұмыс істейді. Ән сабағы сияқты көмекші сабақтар болмайды. Тек қана мұғалім келеді де бала түсіне ме, жоқ па сабағын өтіп кетеді. Ал біздің балалар оны түсінбейді. Оларға көбіне қолмен істеп үйренуі керек. Олар гиперактивті балалар. Бірі бір орында отырады, бірі отырмайды. Қазір мұндай балалар көп. Бізді тыңдасын, көмектессін. Бұған дейін қанша рет жаздық, айттық. Еш нәтиже болмады», – дейді ерекше баланың анасы Ләззат Мұсабекова.

Дегенмен ата-аналардың уәжімен қалалық білім басқармасы келіспейді. Басқарма мәліметінше, орталық қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қаулысымен білім басқармасына өткен. Оған арнайы тексеру кезінде анықталған орталықтың балаларға көрсетілген қызмет сапасы себеп болған. Басқарма ерекше балаларға көрсетілген көмек түрі азаймайды, керісінше әр баланы жеке-дара дамыту бағдарламасы енгізіледі деп сендіреді.

«Орталық балаларына жеке дамыту бағдарламасы жасалады. Әр балаға жеке-дара көңіл бөлінеді. Сонымен бірге топтық бағалау деген болады. Педагогтар, ата-аналар мен дәрігерлер жиналып, баланың динамикалық диагностикасын қарайды. Содан кейін қандай бағдарлама арқылы балаға жұмыс жасау тиімді екенін талқылайды. Бұл әр 6 ай сайын жасалып, қадағаланып тұрады. Бұдан балаға жасалған жұмыстың нәтижесін көреміз. Бұл балаға өте тиімді», – дейді «Қамқорлық» №8 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Зухра Қырықбаева.

Ресми мәліметке қарағанда, орталықта 148 бала, 25 тәрбиеші бар.

Бұған дейін Шымкенттегі тегін қосымша білім беру саласындағы олқылықтар жайында жазған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз