Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға ескерту жасады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алаяқтар телефон арқылы жеке деректерді сұрайды/фото: shutterstock

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға ескерту жасап, телефон және интернет алаяқтарынан сақ болуға шақырды.

Агенттіктің хабарлауынша, алаяқтар ресми орган атынан хабарласып, өзін «заңгер» не «тексеруші маман» деп таныстырады. Содан кейін «сіз қызмет ететін ұйымға қатысты тексеру басталғанын» айтады.

Алайда агенттік мұндай хат жібермейді және телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды.

«ҚМА шот нөмірін, SMS-код пен құжаттарға қатысты құпия ақпаратты талап етпейді», – делінген ақпаратта.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті атынан жалған хаттар таратып, қызметкерге мінездеме немесе басқа ақпарат беруді сұрайды.

Тіпті WhatsApp арқылы сол ұйымның басшысы мен есепшісінің атынан хат жазады. Басшылардың фотосы мен аты-жөнін пайдаланады.

«Бұл адамды адастыруға себеп болады. Хабарламалар кейде мемлекеттік тілде жазылады. Кейін «заңгер» ретінде хабарласып, «құпия ақпарат» екенін айтып, құқық қорғау органдарына айтуға тыйым салады», – делінген ақпаратта.

Қысым көрсету тәсілдері

Хабарласқан бейтаныс адамдар жан-жақтан бір мезетте қоңырау шалып, хабарлама жібереді. Бұл адамның қорқыныш сезімін тудырады. Адам ойланып үлгермей әрекет етеді.

«Жәбірленушіге банкке дереу бару және көрсетілген нұсқауларды орындау қажет делінеді. Салдарынан азаматтар жинаған ақшасын шешіп, алаяқтарға жібереді. Әдетте зейнет жасындағы адамдарға жиі хабарласады», – деп хабарлады агенттік.

Не істеу қажет?

Мамандар мұндай жағдайда ең алдымен сабыр сақтауға шақырады. Әңгімені сол жерден тоқтатып, тіркелу қажет делінген сілтеме арқылы өтпеуді ұсынады. Сондай-ақ ешкімге ақша аудармау қажет.

Содан кейін жұмыс орныңыздағы бухгалтерия немесе заң бөліміне хабарласып, осындай хат келген-келмегенін нақтылаған жөн.

Хабарласқан нөмірді сақтап, ақпаратты құқық қорғау органдарына хабарлау керек.

Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 16 500-ден астам интернет алаяқтық дерегі тіркелді. Былтыр 22 500-ден аса жағдай анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз