Атырау облысында 7 жастағы қызды зорлап, өзенге батырған ер адам сотталды
Жарияланды

Атырау облысы сотында 7 жастағы қызды зорлап, өлтірген ер адамға сот үкімі шықты.
Сот таратқан ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың маусымында Құлсары қаласында 7 жастағы қыз Құрсай өзенінің жағалауында серуендеп жүріп, үйіне қайтып бара жатқанда адасып қалған. Жолда сотталушы У.-ды кезіктірген.
Сотталушы У. мас күйде қызға үйіне баратын жолды көрсететінін айтып алдаған. Өзімен бірге жүруді ұсынған.
Қызды жаңылыстырып, оны өзен жағасына апарып, зорлаған. Жасаған қылмысын жасыру мақсатында ол баланы ұрып-соғып, кейін өзенге батырып жіберген.
Сот үкімімен У. өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 8-сынып оқушысын азғындық жолға түсірген мұғалім бас бостандығынан айырылды.