
Елден сұйытылған мұнай газын шығаруға тағы жарты жылға тыйым салынады. Энергетика министрлігі бұйрық жобасын әзірледі.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан аумағынан сұйытылған мұнай газын, пропанды және бутанды автомобиль және теміржол көлігі арқылы әкетуге 6 айға тыйым салынады.
«Ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылдың 14 қарашасынан бастап мұнай газын жарты жылға ел аумағынан әкетуге тыйым салынады», – делінген құжат сипаттамасында.
Қоғамдық талқылау 2025 жылдың 3 қарашасына дейін жалғасады.
Бұған дейін министрлік 2025 жылдың мамырында сұйытылған газды шекара сыртына шығаруға алты айға тыйым салды.
Айта кетейік, 2023 жылдың қарашасынан бастап шикізат экспортына тыйым салынып келеді. Бұған ішкі нарыққа сұйытылған газдың жетпеуі себеп болған.