Қызылордада бір топ бала жасөспірімді мектеп дәретханасында ұрып-соққан

Қызылордада мектеп дәретханасында алты жасөспірім 10-сынып оқушысын жабылып ұрған. Осы жағдайдан кейін полиция қылмыстық іс қозғады.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Ол жерде баланың алған жарақатынан ауруханаға түскені айтылған.
Полицияның хабарлауынша, адамдар тобы болып жасалған бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған шаралар жүргізіліп жатыр.
«Істегі күдіктілер – кәмелетке толмағандар. Олар ұсталып, полицияға жеткізілді. Жасөспірімдердің заңды өкілдері баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетті тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды», – делінген ақпаратта.
Полиция қосымша шаралар қабылдау үшін әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға ұсыныс енгізді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева зардап шеккен баланың әкесімен байланыста екенін жазды.
«Бала қазір үйінде. Іс қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша тіркелді. Психологиялық қолдау орталығы балаға көмек көрсетуді ұйымдастырады», – деді Зәкиева.
Қыркүйекте Жамбыл облысы Шу ауданы Көкқайнар ауылында 10-сынып пен 11-сынып оқушылары арасында болған жанжал салдарынан бір оқушы қаза тапты.