2026 жылдан шағын бизнес жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істей береді

2026 жылдан «упращенкамен» жұмыс істеп келген шағын кәсіпкерлер бұрынғыдай жеңілдетілген салық режимінде қала беретін болды. Тек 44 кәсіп түрі жеңілдетілген режимге кірмейді. Кеше Президенттен халықтың жағдайын жақсарту туралы тапсырма алған үкімет кешке қарай бірқатар реформаны жариялады. Соның қатарында салық жеңілдігін қолданатын кәсіпкерлерге қатысты шешім бар.
Бұған дейін үкімет 2026 жылдан Жаңа салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді түсіндірген. Соның негізгілерінің бірі – халық арасында «упращенка» деп аталатын салық режиміндегілердің қатарын қысқарту еді.
26 қыркүйекте Ұлттық экономика министрлігі арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды. Соған сәйкес, 1111 кәсіп түрінің 795-і салық жеңілдігін пайдалана алмайтын болған. Министрлік салық төлеушілерге шаққанда шамамен 30% ғана деп тұжырымдаған.
Бірақ бұл тізімге бизнес өре түрегеліп, қарсы болды. Жаңа салық ережелері шағын кәсіпкер қауіп төндіріп тұр деп мәлімдеді. Кәсіпкерлер кейбір қызмет түрлерін қайтадан жеңілдетілген жүйеге қайтаруды ұсынды.
Үкіметтің кешегі шұғыл шешіміне сәйкес, енді оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне тыйым салынған қызмет түрлерінің саны 44 болып қалады. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап микро және шағын бизнес үшін салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» басталады: тексерулер мен айыппұлдар жойылады, кәсіпкерлерге жаңа кәсіп бастауға мүмкіндік беріледі.