
16 қазан күні Үкімет елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар пакетін жариялады. Оның ішінде бензин мен дизель отыны, сондай-ақ коммуналдық тариф бағасына мораторий бар. Алайда экономистер бұл шешімнің ұзақмерзімді салдары ауыр болатынын ескертіп жатыр.
Экономист Эльдар Шамсутдиновтың пікірінше, мұндай уақытша жеңілдік шаралары кейін жүйелі проблемаларды ушықтырып жіберуі мүмкін:
«Уақытша компромистер саяси не әлеуметтік тұрғыдан тиімді көрінуі мүмкін, бірақ жүйелі әсерін әлсіретеді және болашақта теңгерімсіздік тудырады. Бүгін кейінге қалдырылған шешім ертең бәрібір анағұрлым ауыр және қымбатқа түседі. Қазіргі шаралар бұл тек уақытша тыныс, бірақ олар «уақыт ұтқанмен», бағаны еселетеді», — дейді сарапшы.
Ал қаржы сарапшысы Арман Батаев үкіметтің әрекеттерін «бюджет арқылы экономиканы жасанды қолдау» деп бағалады. Қаржыгердің айтуынша бюджеттен субсидия алатын салалардың қатары артып барады.
«Субсидиялар мен жеңілдіктер тізімі кеңейіп барады: жанар-жағармай, коммуналдық тарифтер, ипотека, автонесие… Мұның бәрі мемлекет қазынасының шығыстарды көбейтеді. Нәтижесінде Ұлттық банк сұранысты тежеу үшін базалық мөлшерлемені көтерсе, Үкімет қайтадан ақша құйып, сол сұранысты күшейтеді. Бұл тұйық шеңбер», — дейді ол.
Батаевтың айтуынша, ұсынылған шаралар ішінде тек салық амнистиясы экономикалық тұрғыда орынды әрі пайдалы шешім болған.
Экономикадағы теңгерімсіздік қаупі жайлы сарапшылар бұған дейін де ескерткен болатын. 2024 жылы айтылған бірқатар болжамдар соны айғақтайды. Halyk Finance сарапшылары мемлекеттік кірістің экономиканың сапалы дамуына емес, оның «жасанды» ұлғаюына әкеп соғып отыр.