Жылу мен су бағасы қымбаттамайды: шығын монополистер есебінен өтеледі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үкіметтің 16 қазан күні қабылдаған шешіміне сәйкес, 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін электр энергия, жылу, су, кәріз және газ қызметінің ақысы өспеуі тиіс. Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, үкіметтің бұл шешімі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобасына әсер етпейді.

Спикердің айтуынша, тарифтерді шектеу табиғи монополия субъекттерінің операциялық шығынын оңтайландыру және кейбір тарифтерге түзетулерді кейінге қалдыру есебінен өтеледі.

«Үкімет қабылдаған шаралар жалпы елдегі баға өсімінің қарқынын бәсеңдету және халықтың сатып алу қабілетін сақтауға мүмкіндік береді», – дейді ол.

Оның айтуынша, тұрмысы төмен отбасылар үшін тұрғын үй көмегі механизмі жұмыс істейді: жалпы табысының 5–10%-ынан артық ақша коммуналдық шығынға кетсе, олардың бір бөлігін өтеуге жеңілдік ала алады.

Бұған дейін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобасы аясында коммуналдық қызмет тарифі 20-30 пайызға қымбаттайтыны айтылған. Алайда жаңа шешімше сәйкес, тарифтерді көтеруге уақытша мараторий енгізілді.

«Бұл жоба инженерлік инфрақұрылымды модернизациялауға бағытталған, және жоба аясында тарифтерге түсетін қысымды азайту үшін қаржылық модельдер түзетіліп отыр. Яғни, бағаның өсуін тежеу мақсатында біз ұзақ мерзімді әрі арзандатылған қаржы көздерін тартамыз», – деді Қосымбаев.

Сондай-ақ оқыңыз