
Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында цифрлық теңге қолданылуы мүмкін. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, цифрлық теңге қаржының қозғалысын ашық әрі тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, жобаға бөлінетін барлық қаражат цифрлық теңге арқылы белгіленсе, әрбір теңгенің қайда және қалай жұмсалғаны анық көрінеді. Бұл тәсіл делдалдарды болдырмай, қаражаттың мақсатты пайдаланылуын және жұмыстардың бағасының негізсіз қымбаттамауын қамтамасыз етеді.
«Ұлттық жобаға бөлінетін барлық қаражат цифрлық теңге арқылы «таңбаланып» отырады. Бұл жүйенің басты артықшылығы – толық айқындық. Қаражаттың қозғалысын: тапсырыс берушіден мердігерге дейінгі бүкіл тізбекті бақылауға болады. Осылайша, делдалдар араласпай, қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету және қызмет құнын негізсіз өсіруге жол бермеу мүмкіндігі туады, – деді ол.
Қазір бұл бастама Ұлттық банкпен бірлесе талқыланып жатыр. Жалпы Ұлттық жоба аясында 13,5 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл қаржы тозығы жетіп тұрған энергетика мен коммуналдық жүйелерді жаңғыртуға жұмсалады.