Астананың ақылы автотұрақтарында төлем минутына алына бастайды

Астана әкімдігі елорданың ақылы автотұрақтарында минутына төлем алына бастайтын жобаны әзірледі. Бұл жайлы қала әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттарға берген жауабында хабарлады.
Мәселе қайда көтерілді
Бұған дейін «Қазақстан Халық партиясының» депутаттары осы мәселені көтерген еді. Олардың айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартысындағы жағдай бойынша Астанада шамамен 460 мың автомобиль тіркелген. Күн сайын елордаға қала маңынан және өзге өңірлерден қосымша 30 мыңдай көлік кіреді. Мұндай жүктеме қаланың көлік инфрақұрылымы үшін сыни деңгейде деп танылған.
2016 жылы Астана әкімдігі автотұрақ үшін сағаттық ең төменгі төлем мөлшерін бекіткен. 2025 жылдың ақпан айында «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен жасалған шартты бұзу процесі басталып, мемлекеттік компания құру туралы жарияланды. Дегенмен, жүйе бұрынғы тәртіппен жұмыс істеп тұр, сондықтан автокөлік иелері үшін ешқандай өзгеріс болмаған.
Қазір мынадай мәселелер :
- қысқа мерзімге ғана тоқтағанның өзінде бір сағат үшін міндетті түрде төлем жасау және пайдаланылмаған уақыт үшін қаражаттың қайтарылмауы;
- аймақтар бойынша тарифтердің әркелкілігі және бірыңғай төлем жүйесінің болмауы;
- Астана әуежайында 15 минуттық тегін лимиттен асқан жағдайда 5 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы сақталып отыр.
Осыған байланысты депутатар қалалық ақылы автотұрақтарда нөмірді тану және пайдаланылмаған уақыт үшін қаражатты автоматты түрде қайтару функциясы бар тұрақты фото және бейнефиксация жүйелерін енгізуді ұсынған. Сонымен бірге бірыңғай тариф пен автотұрақ төлемдері мен айыппұлдардан түсетін кірістердің толық қаржылық ашықтығын қамтамасыз етіп, қолданыстағы мобильдік қосымшаға пайдаланылмаған уақыт үшін қаражатты қайтару функциясын енгізу керек деген.
Әкімдік қалай жауап берді
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттарға берген жауабында бүгінгі күнге дейін Астана қаласы аумағындағы коммуналдық ақылы автотұрақтарды (паркингтерді) пайдалану ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленгенін жазған.
«Аталған ережелерде минуттық төлем қарастырылған және ұсынылған өзгерістер «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартын бұзу рәсімі аяқталғаннан кейін енгізіледі. Стационарлы фото-видеофиксация жүйесін енгізу мәселесіне қатысты аталмыш жүйені енгізу инфрақұрылымы мүмкіндік беретін белгілі бір ашық автотұрақтарда жоспарлануда. Паркингтік төлемдер мен айыппұлдардан түсетін түсімдердің бірыңғай тарифін қамтамасыз ету және толық қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету мәселесіне қатысты қазіргі уақытта шлагбаумы бар алаңдық типтегі автотұраққа алдын ала сағатына 300 теңге, ал ашық типтегі (кедергісіз) автотұраққа сағатына 100 теңге тарифі қарастырылып жатыр. Жүргізілген талдауға сәйкес, жеке меншік автотұрақтарда сағаттық ақы 300 теңгеден 5 000 теңгеге дейін өзгеріп отырады», – дейді әкім жауабында.
Астанадағы автотұрақтар меншіктің түріне қарай коммуналдық және жеке меншік болып бөлінеді:
Жеке автотұрақ (автопаркинг) – мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жер учаскесінің меншік құқығына немесе мақсатты пайдалану құқығына сәйкес құқықтары бар жеке кәсіпкер ұйымдастырған сауда, ойын-сауық, мәдени және әкімшілік ғимараттарды қоспағанда, көлік құралдарын қоюға арналған орындар. Жеке автотұрақтың (автопаркингтің) иесі кәсіпкерлік қызмет ретінде бекітілген тарифтерге сәйкес автотұрақ кеңістігін пайдалану үшін көлік құралдарының иелерінен төлем алуға құқылы, сондай-ақ осы мақсатта басқа заңды тұлға немесе жеке кәсіпкерді жалдауға немесе аталған тұлғаларға автотұрақты жалға беруге болады.
Коммуналдық автотұрақ (автопаркинг) – уәкілетті орган ұйымдастырған, коммуналдық меншікте тұрған, тұрғын үй және әкімшілік ғимараттардың аумақтарын қоспағанда, көлік құралдарын қоюға арналған орындар.
Айта кетейік, бұдан бұрын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарына тегін автотұрақтарды қайтаруға уәде берген еді. Алайда тек әлеуметтік нысандардағы тұрақтар ғана тегін болатынын мәлім етті.