Банк пен қаржы

«Саясаттарыңыз Астананың ауа райына ұқсайды»: Смағұлов Ұлттық банкті сынады

Дидар Смағұлов Ұлттық банкті сынады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Елдегі танымал қоғам белсендісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуші, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата өкілі Дидар Смағұлов Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтеруін қатаң сынға алды. Мәжілісте өтіп жатқан Қоғамдық палата отырысында ол ипотекадан қағылған азаматтардың мәселесін көтерді.

Мыңдаған адам ипотекадан қағылды

Дидар Смағұловтың сөзінше, ипотека аламыз деп үміттенген адамдардың үмітін банктер үзген.

«Ұлттық банктің саясаты Астананың ауа-райына ұқсайды. Алдын ала ештеңе деп болжай алмайсың. Өткен жолы ғана базалық ставка 18 пайызға көтерілгені туралы ақпарат ашық күндегі жай сияқты түсті. Қолында «сізге ипотека мақұлданды» деген мыңдаған қазақстандық үй алудағы үмітін үзді. Неге? Себебі банктер бұрын берген кепілдік құжаттарын қайтарып алды. Кепілдік хат деген не? Азаматтар бүкіл кредитін жауып, скорингтен өтуге дайындалады. Ал қазір көп азаматтар кепілдікте тұрған үйді алады. Себебі нарықта ондай үй көп. Сол үйдің қарызын жабу үшін әлгі азамат қарыз алады да, біреудің ипотекасын төлеп, жаңа ипотекаға кіреді. Сұрақ мынадай: мен мұнда тұтынушылардың құқығын қорғайтын ешқандай норма көріп тұрған жоқпын. Неге осындай қадам жасалды?» – деп сұрады Дидар Смағұлов.

Қизатовтың жауабы

Бұл сұраққа жауап берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов алдымен расында да көптеген азаматтың «аузы күйгенін» білу үшін мұндай ақпараттарды тексеру керек екенін айтты.

«Екіншіден, кепілдік хаттардың шарттарына да қарау керек. Мүмкін, ол жерде «егер базалық мөлшерлеме өзгерсе, кепілдік хаттың күші жойылады» деген де шарттар болуы әбден мүмкін. Үшіншіден, қазір базалық мөлшерлемеге банктердің реакциясы түзеле бастады. Кейбір банктер өз тараптарына ипотекалық бағдарламаларды бастады. Сол себепті бұл базалық мөлшерлемеге банктердің бір реттік реакциясы деуге болады. Қазір банктер қарыз берерде тұтынушылардың шама-шарқын, төлем қабілетіне қарайды. Егер қарыз алушылардың табысы жақсы болса, ипотеканы береді», – дейді ол.

Ұлттық банк: инфляцияны тежеу үшін көтердік

Ұлттық банк төрағасының орынбасар Берік Шолпанқұлов базалық мөлшерлемені көтерудегі басты мақсат – инфляцияны тежеу болатын деді. Айтуынша, қыркүйектің өзінде инфляция деңгейі 13 пайызға жуықтаған.

«Инфляция бұлай кете берсе, қолдағы ақшамыздың бәрі құнын жоғалтады. Инфляцияны мыңдаған адамның депозитіндегі ақшаны «жеп» кетпеуі керек. Жауабымыз былай: Ұлттық банктің саясаты ең алдымен қаржылық тұрақтылықта қамтамасыз етуге бағытталады. Ұлттық банктің саясаты азаматтардың қаражатын сақтауға бағытталған. Егер ставка көтерілмесе, инфляция кете берсе, ақша арзандап, қаржылық тұрақтылыққа, теңгеге деген сенім жоғалар еді», – дейді Берік Шолпанқұлов.

Еске сала кетейік, 10 қазанда Ұлттық банктің ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарып, 18%-ға көтерді.