
Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың бұрынғы әрекеттеріне қатысты тексеріс қайта жүргізіліп жатыр. Бұл жайлы Бас прокурор Берік Асылов депутаттардың ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи мен Ринат Зайыт Бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, кәсіпкер Қуат Ерментаевтың шағымын назарға алуды сұраған еді.
Берік Асыловтың айтуынша, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұған дейін Ерментаевқа тиесілі «PORUS» ЖШС-нің жарғылық капиталының 16% үлесін заңсыз қайта тіркеу фактісі бойынша іс қозғаған. Тергеу нәтижесінде іс 2024 жылғы 22 ақпанда «қылмыс құрамының болмауына байланысты» тоқтатылған.
«Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (бұдан əрі – ЭТД) К. Ерментаевқа тиесілі «PORUS» ЖШС-ның жарғылық капиталының 16% үлесін заңсыз қайта тіркеу фактісі бойынша тергеп-тексеруді жүргізді (ҚК-нің 249-бабының 1-бөлігі). Оның нəтижесі бойынша қылмыстық іс 22.02.2024 ж. қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Кейін сотқа дейінгі іс жүргізу материалдарын зерделеу қорытындысы бойынша жəне К. Ерментаев келтірген дəлелдерді ескере отырып, 09.10.2025 ж. бұрын қабылданған шешімнің күші жойылды. Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша ЭТД келтірілген фактілерді жан-жақты жəне объективті тексеруге бағытталған қосымша тергеу əрекеттерін жүргізуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында», – делінген Бас прокурордың жауабында.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тануды сұрап, сотқа өтініш бергені хабарланған еді. Оның қарызы шамамен 58 млрд теңгеге жеткен.