Бағаны емес, себепті тежеу керек: Үкімет шешімі жайлы экономистер не дейді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Үкімет шешімі жайлы экономистер пікірі / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Kursiv.Media тілшісі күні кеше Үкімет қабылдаған шұғыл шешімдерге қатысты белгілі экономистердің пікірін сұрап көрді.

«Социалистік шешімдерге бейім болып қалдық»

Экономист Сапарбай Жобаев Президент халықтың жағдайы нашарлап кетпесін деп Үкімет басшысына тез арада шараларды қабылдауды тапсырғанын айта келе, бұл сияқты тапсырмалар 2000-жылдардан бері көп болғанын есіне алды.

«Бірақ нәтиже күткендей болған жоқ. Биліктегі олигархтардың мүддесі Қазақстандағы қарапайым халықтың мүддесімен қабыспай, олар өз дәулетін қабылдап жатыр. Сондықтан бұл жолғы тапсырма қарапайым халыққа «біз әрекет жасап жатырмыз» деу үшін ғана жасалып жатқан сияқты көрінеді», – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, мәселен, 2019 жылы Президент жаңадан сайланған кезде 1 қыркүйекте халыққа өте үлкен Жолдауын жариялаған. Сол кезде «қарапайым, тұрмысы нашар азаматтардың жеке табыс салығын азайтып, бай-бағландарға прогрессивті салықты енгізіңдер» деген. Жобаев соны біздің билік алты жыл бойы созғанын мәлім етті.

«Егер қаласаңыздар, Конституцияны өзгертем десеңіздер, депутаттардың бәрі қолын көтереді, ал салықты өзгерту одан оңай, бюджет кезінде неге қабылдамайсыңдар?» деп экономистер сұраған еді. Әрине, биліктегілер өзінің өте үлкен табыстарын халыққа, бюджетке бөлісуді қаламаған еді. Биыл әйтіп-бүйтіп 15 пайызға дейін салықты өзгеріс ретінде көрсетіп жатыр. Енді айына 3 млн теңгеден көп алатын адамдар ғана 15 пайыз төлейді деді. Ал ол ешнәрсе бермейді де. Себебі ол санаттағы азаматтардың саны бізде 25-26 мың адамның ғана маңайында. Ал біздегі 500 мыңнан астам адам 1-10 млн теңге аралығында айына табыс табады. Соларға прогрессивті салықты енгізу керек еді. Атап айтқанда, 1 млн табысы бар адамдарға 15 пайыз, 1,5 млн табыс табатындарға 20 пайыз, 2 млн табыс табатындарға 30 пайыздан қою керек еді. Дүние жүзінде солай. Себебі бюджет табысының үштен бір бөлігі жеке табыс салығынан түсу керек. Сонда ғана экономика сәл дамиды. Ал бізде тек 9 пайыз ғана», – дейді ол.

Сапарбай Жобаев 2010-жылдардан бері квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіріп, мемлекеттің мүддесін азайту керек деген бастама айтылып келе жатқанын атап өтті.

«Ал бізде керісінше, социализмге қайтып бара жатқан сияқтымыз. 2006 жылы мемлекеттің экономикадағы үлесі 48 пайыз болса, қазір 60 пайызға дейін өсті. 40 пайыз ғана жекеменшікте. Бұл, әрине, жемқорлықтың, квазимемлекеттік сектордың, қорлардың үлесінің көбейіп бара жатқанын білдіреді. Қазақстанда халықтың көбі ауылда тұрады. Шағын және орта бизнестің ауылда дамымай жатқаны – жердің олигархтар мен латифундистердің қолында болуы. Бұл да көп айтылады. «Жер сатылмайды» деген ура-патриоттық ұранды ортаға тастайды да, әкімдер қалағанынша оны сатып, нарыққа шығарып жатыр. Бірақ бюджетке ақша түспей жатыр. Осындай мәселе көп», – дейді ол.

Экономистің сөзінше, сот жүйесі, жемқорлық, әкімшілік жолдармен шектеу мәселелері де қоғамда көп. Президент тапсырма бергеннен кейін үлкен экономикалық реформаларды орындаудың орнына жай әкімшілік жолмен «делдалды шектейік, 15 пайыздан асырмасын» деген шараларды қабылдап жатыр.

«Әрбір саудагердің жанына бір салықшыдан қоямыз ба? Сарапшыны ойландыратын осы сұрақ: 1 млн саудагердің қасына 1 млн салықшыны қайдан табамыз?  «Оны бәсекелестік жолмен ғана шешу керек еді. Делдалдарға да, бизнеске де еркіндік берілсе, бағалардың өспеуіне олардың өздері әрекет жасар еді. Картоп көктемде 450 теңгеге дейін қымбаттады. Ол бағаны кім шектей алды?», – дейді ол.

Сапарбай Жобаев сонымен қатар Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің «ішімдік сатуды шектейік» деген сөзіне скептикалық пікір айтты. Айтуынша, бұл шешімдерден кейін көлеңкелі экономика тереңдей береді.

«Ішкі істер министрі экономиканы оқымаған ба, білмеймін алкогольге қарсы әңгіме айтып жатыр. Өткен ғасырдың басында-ақ АҚШ алкогольге қарсы әрекеттер жасаған. Барлығы контрабандаға айналып, қылмыс көбейген. Горбачевтің де алкогольді шектеуінен ештеңе өзгермеді. Бүкіл халық самогон қайнатып кеткен. Оны бәрі біледі. Ал біздің жемқорлыққа бейім билік осындай нәрсені шығармақ па? Құқық қорғау органдарының пайдасы азайып кеткен соң ба, солар өз пайдасын қайтадан көтеру үшін осындай шешімдерді ұсынатын сияқты. Біз осылайша, социалистік шешімдерге бейім болып қалдық па деп қалдым», – дейді ол.

Үкіметтің шұғыл шешімдері

Еске сала кетейік, премьер-министр кеше Үкімет мүшелерін жинап, халықтың тұрмысын жақсарту үшін бірқатар шұғыл шешімдер қабылдаған еді. Атап айтқанда, Үкіметтің шешімі бойынша, биыл 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізіледі. 16 қазаннан бастап барлық тұтынушы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады.

Жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнес қызметіне теріс әсерін азайту мақсатында оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын басы артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды. Тыйым салынған тізімде, қолданыстағы заңнамадағыдай, тек 44 қызмет түрі сақталады. Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар бойынша ұсыныстардың қысқаруы аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес, халық үшін арзандатылған ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғаяды.

Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру бағдарламаларын одан әрі жалғастырады.

Шешім қысқа және орта мерзімде елге қалай әсер етеді

Экономист Бауыржан Ысқақ Үкімет қабылдаған бұл шаралардың әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда қысқа мерзімді жағымды әсерлері болатынын айтады. Бензин мен коммуналдық тарифтердің қымбаттауын уақытша тоқтату халықтың табысына қысым түсірмей, инфляцияның тежелуіне әсерін тигізеді. Бұл әлеуметтік наразылықтың алдын алып, саяси тұрақтылықты сақтау үшін тиімді амал саналады.

«Екіншіден, инфляциялық күтулерді төмендету бағытында қадам жасалды. Үкімет баға өсімін тежеу арқылы нарықтағы инфляциялық психологияны басады. Бұл Ұлттық банктің монетарлық саясатын жұмсартып, баға өсімін баяулатуға көмектеседі. Салықтық міндеттерді алып тастап, бизнеске де көмектесіп жатыр. Айыппұлдарды жою шағын бизнеске қысымдарды азайтып, көлеңкелі экономиканың ашық секторға шығуына ықпал етуі мүмкін», – дейді ол.

Сарапшы орта және ұзақ мерзімдегі тәуекелдерге тоқталды. Оның айтуынша, нақты теңгерім бұзылып, бензин мен тарифтерді жасанды түрде әкімшілік жолмен ұстап тұру нарықтық баға сигналдарын бұзады. Егер баға шығынды жаппайтын деңгейде қалса, бұл салаларда инвестиция азайып, тіпті саланың сапасы төмендеуі мүмкін. Егер тариф пен баға өспесе, инфрақұрылым мен өндірушілердің шығыны артса, мемлекет айырмашылықты субсидия түрінде төлейді. Бұл бюджетке қосымша салмақ түсіреді.

«Ақша массасының ұлғаю қаупі де бар. Егер әлеуметтік бағдарламалар мен несие, ипотека, автонесие күрт өссе, ақша массасы көбейіп, бұл орта мерзімде қайтадан инфляцияны жандандыруы мүмкін. Яғни, қысқа мерзімді тежеу ұзақ мерзімде кері әсер етуі ықтимал», – дейді ол.

Бауыржан Ысқақ экономикалық шешімдер тым жиі өзгере берсе, мемлекет экономикаға араласа берсе, бұл инвесторлар үшін бір белгісіздік жағдайын туындатуы, жеке капиталдың келуін баяулатуы ықтимал.

«Үкіметтің бұл шешімдері әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін қажет, бірақ оны уақытша әрі мақсатты сипатта жүргізу маңызды. Егер бұл саясат ұзаққа созылса, нарықта бәсеке төмендейді. Бюджет тапшылығы артады. Ал инфляция күшеюі мүмкін. Сондықтан Үкімет үшін қысқа мерзімді шешімдермен қатар өндіріс тиімділігін арттыру керек. Инвестицияларды ынталандырып, халықтың табысын арттыру керек», – дейді Бауыржан Ысқақ.

Айта кетейік, бұдан бұрын белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев үкіметтің 16 қазанда қабылдаған маңызды шешімдеріне қатысты айтқан пікірін берген едік.

Сондай-ақ оқыңыз