Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар ұлғайды. Кімдер көп алады

Биыл мүгедектік бойынша жәрдемақыдан бастап, асыраушысынан айырылғандарға берілетін өтемақыға дейін өсті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы барлық жәрдемақы 6,5%-ға артқан.
2025 жылғы 1 қазанға дейін еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемді 98 мың адам алса, ал асыраушысынан айырылу бойынша төлемді шамамен 66,5 мың отбасы алған.
Қазақстанда кімдер жәрдемақы алады және қанша мөлшерде:
- Мүгедектік бойынша жәрдемақы алушылар қазіргі таңда айына 55 мыңнан 101 мың теңгеге дейін алады. Сома мүгедектік тобына және себебіне байланысты белгіленеді.
- Негізгі асыраушысынан айырылған отбасыларға төлем мөлшері қайтыс болған адамның табысына және отбасыдағы асырауындағы адамдар санына қарай есептеледі.
- Бұдан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жүйеге қатысушыларға қосымша төлемдер беріледі. Олар:
• еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайында – орташа есеппен 72 мың теңге,
• асыраушысынан айырылу бойынша – шамамен ай сайын 75 мың теңге .
«Әлеуметтік төлемнің мөлшері әр адам үшін жеке есептеледі. Ол соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударым жасалған орташа табысқа, еңбекке жарамдылықтан айырылу коэффициентіне, асыраудағы адамдар саны мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылардан бөлек төленеді, яғни азамат мемлекеттік және сақтандыру жүйесі арқылы бірден екі түрдегі қолдауға ие болады», – деп түсіндірді Еңбек министрлігі.
Қазіргі таңда 700 мыңнан астам адам жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алады. Бұл – әсіресе өңірлерде тұратындар үшін негізгі табыс көзіне айналған.
Айта кетейік, елімізде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін екі төлем мөлшерін арттыру жоспарланып отыр. Құжат жобасына сәйкес, жаңа 2026 жылдан бастап еңбекке қабілетсіз қалғандарға және асыраушысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем мөлшері артады.