Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етінің экспортын шектеуді ұсынды

Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағасын тұрақтандыру үшін сиыр етін елден экспорттауға уақытша шектеу енгізуді ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы 17 қазанда «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, ірі қара малдың жаңа піскен, салқындатылған және мұздатылған етін елден сыртқа сатуға тыйым салу 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады. Және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де, үшінші мемлекеттерге де қолданылады.
Министрлік бұл шара «елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға және сиыр етінің бағасын тұрақтандыруға» бағытталғанын түсіндірді. Қазір жоба 22 қазанға дейін жалғасатын қоғамдық талқылау сатысында.
Айта кетейік, Ұлттық статистика комитеті жариялаған мәліметтерге сәйкес, қыркүйек айында Қазақстанда ет пен май 19%-дан артық қымбаттаған.