Жаңалықтар

«Lenovo Қазақстан» директорын өліміне күдікті азамат Дубайдан экстрадицияланды

«Lenovo Қазақстан» директорына қастандық ұйымдастырған азамат Дубайдан экстрадицияланды / Фото: Shutterstock

«Lenovo Қазақстан» компаниясының корпоративтік сату жөніндегі директоры Ермек Жақыпжановты қастандықпен өлтіруді ұйымдастырды деп күдікке ілінген азамат Дубайдан экстрадицияланды.

«Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Дубай қаласында Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды. Ол еліміздің Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша қылмыс жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген», – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпаратқа сүйенсек, ол «Lenovo Қазақстан» компаниясының басшыларының біріне қастандық ұйымдастырған. Қылмысқа техника жеткізуге байланысты алынған қарыздық міндеттемелерді орындамау себеп болған көрінеді.

Ол сыбайластарымен бірге Жақыпжановты кездесуге алдап шығарып, оны есінен танғанға дейін ұрып-соғып, жалпы құны 40 млн теңгеге жуық мүлкін иемденіп, кейін Алматы қаласының сыртына алып шығып, өлтірген деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, осыған дейін күдікті азаматтардың бірі Әзербайжаннан экстрадицияланған еді.