Нұрқаділов Назарбаевқа сыйлаған картина далада қалған

Жарияланды 17 Қазан 2025 00:17

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

​​General news бөлімінің тілшісі a.tolendi@kursiv.media
Нұрқаділов Назарбаевқа сыйлаған картина далада қалған / Фото: ARTs.ME

Белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту еткен суретші Мақсат Бексұлтанның картинасы «далада қалған», деп хабарлайды Kursiv.Lifestyle.

Ақпаратты Фейсбук парақшасында журналист Жұлдыз Төлеу таратты. Айтуынша, Заманбек Нұрқаділов Мақсат Бексұлтанның «Аңырақай шайқасы» картинасын сатып алып, Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне сыйлаған. Картина Астанадағы «қазіргі тұңғыш президент» музейінде сақталған. Алайда Нұрқаділов оппозицияға кетіп, жұмбақ жағдайда қайтыс болған кейін картина мұражайдың жәдігерлер есебінен шығарылып тасталған.

«Картинамның жағдайы не боп жатыр екен деп алаңдап, әдейілеп іздеп Астанаға, сол мұражайға бардым. Картинам жоқ. Архивтен де іздедім, табылмады. Кейін мұражайдың бір қызметкері маған «ол картинаны мұражайдың жәдігерлер есебінен шығарып тастадық. Қәзір шатырда жатыр. Алып кетіңіз» деп хабарлады. Тарихын естіген бұл картинаны ешбір музей алмады. Оны Астанадан Алматыға тиеп әкету маған қиын болды. Ақыр соңында үлкен жүк көлігін жалдап, Алматыға алдырдым. Қазір қаланың шетінде сарайда жатыр», – деп келтірген суретшінің сөзін журналист.

Айта кетейік, бұл картина туралы Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұқбатында айтқан. Қайрат Нұрқаділов сөзінше, Назарбаевтың 60 жас мерейтойына Заманбек Нұрқаділов картинаны Алматыдан Астанаға арнайы жөнелткен.

Фото: скрин ARTs.ME

Картинаны суретші қайтарып алған, ол ARTs.ME жүйесіне сатылымға шыққан. Қазір 621 400 долларға бағаланған.

2024 жылы желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы облысы Кеген ауылының орталығында Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші ашылған.

Сондай-ақ оқыңыз