Қазақстандықтар бір күн ішінде қытайлық компанияға жұмысқа тұра алады

Астанада қытай тілін меңгерген жұмыс іздеушілер үшін жыл сайынғы «Бос орындар жәрмеңкесі – 2025» өтеді. Іс-шара Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындарының түлектері, сондай-ақ, қытайлық компанияларда мәнсап құрғысы келетіндер үшін арнайы ұйымдастырылды.
Жұмыс іздеушілер бір күнде жетекші қытайлық компания өкілдерімен кездесіп, еңбек жағдайы, жалақы деңгейі туралы біле алады және шағын сұқбаттасудан дәл сол жерде өте алады. Сондай-ақ, түйіндеме қалдырып, жұмысқа орналасу бойынша кеңес алуға болады.
Ұйымдастырушылар қатысудың тегін екенін, бірақ орындардың саны шектеулі екенін атап өтті. Жәрмеңке 24 қазанда Сығанақ көшесі, 45 мекенжайындағы Бейжің сарайында (Пекин сарайы) өтеді. Басталуы – 14: 00.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда үш ай бойы жұмыс істемеген азаматтар есепке алынатынын жазған едік. Бұл өзгеріс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.