Жаңалықтар

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына билет бағасы он есе қымбаттады

2026 жылғы әлем чемпионатына билет бағасы қанша / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының билеттері сатылымға шыққанына екі апта өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, билет алу процесіне 4,5 млн астам жанкүйер қатысқан.

Ағылшындық The Telegraph басылымының жазуынша, жанкүйерлер арасында наразылық көбейген. Себебі 2026 жылғы мундиальға арналған билет бағасы Катардағы әлем чемпионатымен салыстырғанда бірнеше есе қымбаттаған.

Мәселен, турнирдің ашылу матчының билеттері 370 доллардан басталып, ең қымбаттары 1800 долларға дейін жетеді. Ал 2022 жылы Қатарда өткен чемпионат кезінде жанкүйерлер ашылу ойынына 55 доллардан, ең жоғарғысы 618 доллардан билет сатып алған еді.

2026 жылғы әлем чемпионатының ашылу матчы 11 маусымда Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өтеді. Финал Нью-Йоркте (АҚШ) ұйымдастырылмақ. Бұл матчқа билет бағасы 2000 доллардан басталады. Қатардағы финал бағасынан он есе қымбат.

Сондай-ақ БАҚ мәліметінше, бастапқыда жарияланған 60 долларлық арзан билеттерді қазір табу мүмкін емес.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді. Қазіргі уақытта турнирге 28 ұлттық құрама жолдама алған. Оның ішінде көршілес Өзбекстан құрамасы да бар.