Қандас мәртебесін алудың тәртібі өзгерді

Қазақстанда қандас мәртебесін беру және ұзарту қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді өтініш беру процесі әлдеқайда жеңілдеді деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.
Ведомствоның 2025 жылғы 10 қазандағы бұйрығына сәйкес, қандас мәртебесін беру немесе ұзарту туралы өтінішті Бірыңғай көші-қон қызметтері порталы арқылы беруге болады. Бұдан бөлек, өтініш беру мүмкіндігі:
- мобильді қосымша арқылы,
- Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері арқылы,
- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы немесе
- электрондық үкімет веб-порталы арқылы да қолжетімді.
Өтінішке қажетті құжаттар электронды түрде қоса тіркеледі.
Бірыңғай портал немесе мобильді қосымша арқылы жіберілген құжаттар автоматты түрде «Қандас» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне (ААЖ) түседі. Тіркелгеннен кейін өтінішті жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөлімдері қарайды. Ал өтініш берушіге оның өтініші қабылданғаны жөнінде хабарлама келеді.
Жаңартылған ережелер көші-қон рәсімдерін цифрландыруды күшейтіп, қандас мәртебесін беру және ұзарту процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Сырттан келген қандастарға арнайы мәртебе, азаматтық алудың қиын екені жайлы мәселені депутаттар бұған дейін көтерген. Бюрократиясы көп, тым артық талаптар көп болғандықтан кейбір этникалы қазақтар азаматтық алудан мүлде бас тартады.