
Қарағанды қаласының отыз шақты тұрғыны туристік агенттікке алданып қалды. Шетелге демалғысы келгендер миллиондаған теңгені алаяққа ұстатқан. Күдікті қамауға алынды. Бұл туралы ІІМ хабарлады.
Полиция мәліметінше, қаланың 53 жастағы тұрғыны құқық қорғау органдарына арызданып, турагенттік иесінің алаяқтық әрекетінің құрбаны болғанын айтқан.
«Ол көптен күткен демалысты шетелде өткізу үшін турагентке 900 мың теңге берген, алайда уәде етілген сапар жүзеге аспай қалған», – деп таратты полиция.
Сотқа дейінгі тергеу басталды. Тексеру барысында осы агенттікке қатысты тағы бірнеше шағым тіркелгені анықталды.
«Қазіргі уақытта полицияға осы туристік агенттіктің қызметіне шағымданған тағы 34 азаматтың өтініші түскен. Күдікті өз әрекетін валюта бағамының күрт өсуімен, соның салдарынан туындаған қаржы қиындығымен түсіндірген».
Тергеу мәліметінше, жәбірленушілер шамамен 52 млн теңге шығынға ұшыраған. Күдікті уақытша қамауға алынды.