Жаңалықтар

Трамп пен Путин Будапеште кездеседі

Дональд Трамп пен Владимир Путин / фото: REUTERS/Kevin Lamarque 
Дональд Трамп пен Владимир Путин / фото: REUTERS/Kevin Lamarque 

АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, ол Ресей президенті Владимир Путинмен екінші мәрте Будапешт қаласында кездеседі. 17 қазанға қараған түні президенттер телефонмен сөйлесіп, жоғары деңгейдегі тағы бір саммитті Венгрия астанасында өткізуге уағдаласты.

АҚШ пен Ресей президенттері екі сағат бойы сөйлескен. Трамптың айтуынша, екінші саммит екі апта көлемінде өтуі мүмкін. Кремль тағы да саммитке жиналу жоспарын растағанымен, оның нақты қашан өтетіні жөнінде ешқандай мәлімет жарияламады.

«Мен өмір бойы келісім жасаумен келемін. Осы келісімге де көпке созбай отыратын шығармыз», – деп мәлімдеді Трамп журналистерге. Ақ үй басшысының айтқандарын Reuters таратты.

Трамп пен Путин телефонмен сөйлесіп отырған уақытта, Украина президенті Владимир Зеленский Құрама Штаттар басшысымен кездесу үшін Ақ үйге бара жатқан. Киев Вашингтондағы осы жүздесу нәтижесінде «Томагавк» секілді қашыққа ұшатын зымыран алуға ниеттенген.

Кейінгі уақытта Ақ үй Зеленскийге қолдау көрсетіп, Путиннен алшақтағандай көрінген. Дегенмен Трамптың Ресей басшысымен тағы да кездескісі келіп қалғаны әскери көмектің ауылы алыс екендігін көрсеткендей. Трамп биыл қаңтарда билікке келгелі бері Ресейге санкция салатынын талай рет айтқан, бірақ әлі күнге дейін мұндай шектеу қабылданған жоқ.

Тамыз айында Путинмен Аляскада кездескен уақытта да Трамп Украина мен Ресей арасындағы жанжалды аяқтауға ұмтылған. Алайда оның бұл әрекетінен түк шықпаған. Сол кезде Вашингтон жариялаған үшжақты кездесу әлі күнге дейін өткен жоқ.

Вашингтонда жүрген Зеленский Путиннің келіссөз жүргізуге дайын екендігін қорғаныс амалы деп бағалады.

«Томагавк» туралы әңгімені ести салысымен, Мәскеу диалог орнатуға көшті», – дейді украин басшысы.

Ал Венгрия президенті Виктор Орбан болса АҚШ пен Ресей президенттерінің саммиттін өткізуге дайындық басталып кеткенін мәлімдеп үлгерді.

«Бүкіл әлемдегі бейбітсүйгіш көпшілік үшін керемет жаңалық. Біз дайынбыз!» – дейді венгр басшысы.

Трамп пен Зеленский жұма күні Ақ үйде кездеседі. Киев Вашингтоннан Мәскеуге және басқа да ірі қалаларға жететін қашыққа ұшатын зымыран сұрап жүр.

Украина мен Ресейдің соғысып жатқанына төрт жылдай болып қалды. Қарулы жанжал 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей әскерінің Украина аумағына басып кірген уақытта басталған.