
Кейінгі сегіз жылда Өзбекстан астанасында жолаушылар көші 9 миллионға жетті. Ал 2040 жылы 24 млн адамнан асады. Соған байланысты билік Ташкентте жаңа халықаралық әуежай құрылысын бастады. Бұл туралы өзбек президентінің сайтында жарияланды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ташкент облысында салынатын әуежай жобасымен танысып, жаңа кешен құрылысын бастау салтанатына қатысты.
«Өзбекстан әлемге есігін айқара ашқан соң, елге келуші шетел туристерінің саны 3 миллионнан 10миллионға дейін өсті. 2030 жылға қарай 15 миллионға дейін жетеді», – деп жазылды өзбек президентінің сайтында.
Сол себепті билік әуежай инфрақұрылымын дамытуды көздейді.
«Түптеп келгенде, біз Өзбекстанды Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын ірі авиация хабына айналдырғымыз келеді», – дейді өзбек президенті.

Жаңа әуежай 1 300 га жерге салынады. Жобаны Vision Invest (Сауд Арабиясы), Sojitz (Жапония) және Incheon (Оңтүстік Корея) компаниялары жүзеге асырады. Құрылыстың алғашқы кезеңінде 2,5 млрд долларға аэровокзал кешені мен аэродром салынады.
Әуежай құрылысы аяқталған соң, ол жылына 20 млн жолаушыға қызмет көрсете алады. Мұндай бір уақытта 62 ұшақ қона алады.
Мемлекет басшысы салтанатты жиында кешеннің алғашқы іргетасын қалап, құрылыс басталғанын ресми түрде жариялады.