
Сарапшылар сенімді сақтандыруды қалай таңдау керектігін және неге ерікті сақтандыру қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығының маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын түсіндірді.
Қазақстанда ерікті сақтандыруға қызығушылық артып келеді, азаматтар қаржылық қорғауды заң талабы бойынша ғана емес, өз еркімен де таңдай бастады. Осы орайда Fingramota.kz сарапшылары қандай сақтандыру түрлері қолжетімді екенін және полисті қалай дұрыс таңдау керектігін түсіндіріп берді.
Ерікті сақтандыру деген не
Міндетті полистерден, мысалы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) немесе автокөлік иелерінің азаматтық жауапкершілігін сақтандырудан айырмашылығы, ерікті сақтандыруды адам өз еркімен рәсімдейді. Бұл — күтпеген жағдайларда, мысалы, ауру, апат, өрт немесе көлік ұрланған кезде көмектесетін қаржылық қауіпсіздік құралы. Бсты артықшылығы сіз қандай тәуекелдерден қорғану, қандай соманы болжау керектігін, қандай шарттарды қосу керектігін өзіңіз таңдайсыз.
Негізгі түрлері
Жеке сақтандыру. Өмірді, денсаулықты және еңбекке қабілеттілікті қорғауды қамтиды. Ең танымал полистер өмірді, денсаулықты және жазатайым жағдайлардан сақтандыру. Кейбір бағдарламалар жинақтаушы функция атқарады. Мысалы зейнетке шыққанда немесе балаларды оқытуға қаражат жинауға мүмкіндік береді.
Мүліктік сақтандыру. Үй-жайларды, техниканы және өзге де құнды мүліктерді өрттен, ұрлықтан, су басудан және табиғи апаттардан қорғауға көмектеседі.
КАСКО деген атпен белгілі ерікті автосақтандыру да сұранысқа ие. Үшінші тұлғалардың шығынын жабатын міндетті полистен айырмашылығы, КАСКО сіздің көлігіңізді зақымданудан, ұрлықтан немесе табиғи апаттардан қорғайды. Бұл әсіресе жаңа немесе қымбат көліктердің иелері үшін өте өзекті.
Сақтандыруды қалай таңдау керек
Мамандар ең алдымен өз қажеттіліктеріңізді бағалауға кеңес береді:
- Егер отбасыңыз болса, өмірді сақтандыру туралы ойланған жөн;
- Тұрғын үй сатып алсаңыз, мүлікті сақтандыруды қарастырыңыз;
- Автокөлік күнделікті, әсіресе жұмыс үшін пайдаланылса КАСКО қажет болуы мүмкін.
Әртүрлі сақтандыру компанияларының ұсыныстарын салыстырып, олардың Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар-жоғын тексеру маңызды.
Шартқа қол қоймас бұрын келесі жайттарды мұқият зерттеңіз:
- Қандай қауіптер сақтандырумен қамтылған, қайсысы қамтылмаған;
- Залал қалай бағаланады және өтемақы қанша уақыт ішінде төленеді;
- Франшиза бар ма, яғни сақтандыру оқиғасы кезінде клиент өзі төлеуі тиіс сома қарастырылған ба.
Нені ескеру керек
Сақтандыруды тек бағасына қарап таңдамаңыз. Ең арзан полистер көбіне маңызды шектеулермен келеді. Сәл қымбат болса да, шынайы кепіл болатынына көз жеткізген дұрыс. Барлық құжаттардың көшірмесін сақтап қойып, келісімшарттың жарамдылық мерзімін бақылауды ұмытпаңыз.
«Сақтандыру — қауіптің алдын алудың емес, оның салдарын жеңілдетудің құралы», — деп ескертеді Fingramota.kz мамандары.