
Қазақстанда eGov.kz порталы арқылы автокөлікті тіркеуге болатын пилоттық жоба іске қосылды. Енді көлік иелеріне кезекте тұрудың қажеті жоқ, өтінімді толықтай онлайн беруге болады.
Жоба ІІМ мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілді. Бұйрық 15 қазанда күшіне енді және 2026 жылғы 31 тамызға дейін қолданыста болады.
Онлайн тіркеу қалай өтеді:
- Көлік сатушысы (заңды тұлға) VIN-кодты енгізіп, өтінім жасайды.
- eGov жүйесі деректерді бірнеше базадан автоматты түрде тексереді: ОКЭД, көлік құжаттары, утилизациялық және кедендік төлемдер, сатып алушының ЖСН бойынша мәліметтері.
- Сатушы өтінімді электронды қолтаңбамен (ЭЦҚ) растайды.
- Сатып алушыға хабарлама келеді, ол өтінімді мақұлдап, ЭЦҚ арқылы қол қояды.
- Тексерістен кейін жүйе нәтижені көрсетеді, қызмет сәтті аяқталды немесе бас тарту себебі көрсетіледі.
Мемлекеттік баждар мен алымдарды төлеу де eGov.kz порталы арқылы онлайн жүргізіледі.
Нені ескеру керек:
- Онлайн тіркеу кезінде тек стандартты мемлекеттік нөмірлерді таңдауға болады, «әдемі» нөмір комбинациялары қолжетімсіз.
- Құжаттар рәсімделгеннен кейін көлік иесі ХҚКО-ға тек дайын құжаттар мен нөмірлік белгілерді алу үшін барады.
- Жеке куәлікті қағаз түрінде де, цифрлық құжаттар сервисі арқылы да көрсетуге болады.
ІІМ өкілдері жаңа сервис тіркеу үдерісін жылдам әрі ашық етеді деп отыр. Бұған дейін eGov порталы арқылы айыппұл мен салық төлеуге, жүргізуші куәлігін рәсімдеуге және жеңілдіктерге өтініш беруге болатын. Көлікті онлайн тіркеу цифрландыру аясында қабылданып жатқан шаралардың бірі. Бұл қадам автокөлік сату-сатып алу кезіндегі қағазбастылықты толығымен жоюға бағытталған.
Еске салайық, 20 қазаннан бастап Қазақстанда жеке пайдалану мақсатында көлік құралдарын сырттан әкелуге қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді.