Маркетплейстен алған тауар үшін ақшаны қалай қайтаруға болады

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті интернет-дүкендерден сатып алынған тауарлар бутиктер мен сауда орталықтарынан алынған тауарлар сияқты қайтарылатынын еске салды. Атап айтқанда, тапсырыс кеш жеткізілсе немесе себебін түсіндірместен екі апта ішінде тұтынушы тауарды кері тапсырып, ақшасын қайтара алады.
Киім-кешек пен техниканы қайтару тәртібі
Комитеттің мәліметінше, маркетплейстердегі сатушылар тауардың құрамы, бренді, өндірілген елі, өлшемі мен бағасын көрсетуге міндетті. Егер сіз киімге тапсырыс беріп, мұндай ақпарат көрсетілмесе, бұл заңбұзушылық.
Сонымен қатар, егер тапсырыс берілген тауарда ақау болса, мысалы құлаққап істемей тұрса, тұтынушы ақшаны қайтаруды немесе тауарды айырбастауды талап ете алады.
Сондай-ақ сатып алушы онлайн тапсырыс берген тауарды 14 күн ішінде себепсіз қайтаруға құқылы. Бірақ бұл тауар пайдаланылмаған және тауарлық түрі сақталған болуы шарт. Бұл ережеге жеке гигиена заттары, іш киім, косметика мен азық-түлік жатпайды.
Тауар кешіккен жағдайда тұтынушының қайтару құқығы
Егер тапсырыс уәде етілген мерзімде жеткізілмесе, сатып алушы оны болдырмауға және ақшасын қайтаруға құқылы. Мысалы, егер жеткізу 3 күн ішінде болады деп көрсетілсе, бірақ бір апта өтсе, бұл тұтынушы құқығының бұзылуы болып саналады.
Онлайн-дүкен сіздің құқықтарыңызды бұзған жағдайда, алдымен сатушыға ресми шағым жіберуге болады. Егер жауап болмаса немесе жауап қанағаттандырмаса, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне немесе оның аймақтық бөлімшелеріне жүгіну қажет. Шағымды E-otinish.gov.kz немесе eGov.kz порталдары арқылы онлайн түрде беруге болады.
Еске салайық жуырда Қазақстанға Қытайдың ірі маркетплейстерінің бірі JD.com платформасы келеді. Жақын арада оның қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары іске қосылмақ.