Абай облысында заңсыз айналымнан 415 келі есірткі тәркіленген

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: polisia.kz,

Абай облысында биыл заңсыз айналымнан 415 келі есірткі тәркіленген. Бұл туралы Семей қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Алиман Бегешханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, есірткі қылмысы қоғам қауіпсіздігіне және халық денсаулығына төнген елеулі қауіптің бірі болып отыр.

Биыл облыс аумағында есірткі саласына қатысты 185 құқық бұзушылық анықталған. Оның 85-і ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатады.

«Заңсыз айналымнан 415 келі түрлі есірткі заты тәркіленді. Олардың ішінде марихуана, гашиш және психотроптық заттар бар. Ауыр қылмысқа қатысы бар 30 адам ұсталды. Олардың бірі – облыс орталығындағы колледжде оқитын кәмелетке толмаған студент», – деді Алиман Бегешханов.

Сонымен қатар ол 1 маусым мен 31 қазан аралығында өңірде «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатқанын айтты. Оның аясында есірткі өсіру және тарату деректерінің алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

«Іс-шара басталғалы облыста 97 есірткі қылмысы тіркелді. Қазіргі өзекті мәселелердің бірі – халық арасында «тұз» деп аталатын синтетикалық есірткілердің кең таралуы. Соңғы үш жылда наркологиялық есепте тұрған адамдар саны да көбейген», – деді Бегешханов.

Жыл басынан бері 9 айда елде 6 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықталды.

Сондай-ақ оқыңыз