Health

Елемеуге болмайтын симптомдар: ағзаның дабыл қағып жатқанын қалай ажыратуға болады

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Біз көбіне денсаулығымызға немқұрайды қарап, тіпті үйреншікті болып кеткен жайсыздықтың өзі ағза дабылы болуы мүмкін екенін елемейміз. Жұмыс аптасынан кейінгі шаршау немесе ұйқының қанбауынан болатын бас ауруы көбіне қауіпті емес. Алайда кейбір симптомдарды стресс немесе шаршаумен байланыстыруға болмайды. Мұндай белгілер ағзадағы күрделі бұзылыстардың немесе аурудың белгісі болуы мүмкін және дәрігердің назарын қажет етеді.

Маңызды ескерту: әрбір жайсыздық міндетті түрде қауіпті дерттің белгісі бола бермейді. Дегенмен аяқ астынан пайда болған, айқын білінетін немесе жиі қайталанатын белгілер сақтық танытуды талап етеді. Осы материалдың мақсаты – назар аударуды қажет ететін симптомдарды түсіндіру және қандай жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек екенін көрсету.

ҚАШАН АЛАҢДАУ ҚАЖЕТ

Ағза әрқашан белгілі бір сигнал береді, ең маңыздысы оны дұрыс түсіну. Әсіресе келесі үш белгіге мән беру қажет:

  • Кенеттен пайда болуы. Белгі айқын себепсіз күтпеген жерден пайда болса – бұл алаңдауға негіз. Симптом қысқа уақытқа созылып тез басылған күннің өзінде, оны елемеуге болмайды.
  • Күшті болуы. Симптом күнделікті өмірге кедергі келтірсе немесе ауырлық туғызса дәрігерге қаралу қажет.
  • Қайталануы. Белгілі бір жайсыздық жиі қайталанса бұл ағзада қиындық бар екенін білдіреді.

Кейбір белгілер өздігінен жоғалуы мүмкін, бірақ олар ұзаққа созылса немесе күшейсе — дәрігердің кеңесі қажет. Мамандардың айтуынша, қайталанатын немесе өрши түсетін симптомдар қауіптің белгісі болуы мүмкін. Денсаулықты тексеріп, себепті анықтау — қауіпті жағдайдың алдын алудың ең дұрыс жолы.

ЕЛЕУСІЗ ҚАЛДЫРУҒА БОЛМАЙТЫН СИМПТОМДАР

Кеуде тұсындағы ауырсыну
Кеуде аймағындағы кез келген ауырсыну медициналық тексеруді қажет етеді. Ауырсыну күйдіріп, қысып, басып тұрғандай сезілуі мүмкін, дене жүктемесі кезінде немесе тыныштықта пайда болуы ықтимал. Көбіне ол мынадай белгілермен бірге жүреді: ентігу, суық тер, жүрек айну, бас айналу, жүрек соғысының жиелеуі, әлсіздік.
Ауырсыну себептері алуан түрлі әрі арасында өмірге қауіп төндіретіндері де бар. Сондықтан дәрігер ең алдымен қауіпті диагноздарды жоққа шығарады. Кеудедегі ауырсынудың мүмкін себептері:

  • Жүрек-қантамыр аурулары: стенокардия, миокард инфаркті, перикардит; сирек — аорта диссекциясы. Мұндай жағдайда ауырсыну көбіне қысып, қысым түсіргендей сезіледі және иыққа, қолға, арқаға берілуі мүмкін.
  • Өкпе патологиялары: өкпе артериясының тромбоэмболиясы, пневмония, плеврит, пневмоторакс, өкпелік гипертензия. Ауырсыну тыныс алу кезінде немесе жөтелмен бірге күшеюі мүмкін.
  • Асқорыту жүйесі аурулары: гастроэзофагеальді рефлюкс ауруы (ГЭРБ), өңеш спазмы, өт қабы аурулары, панкреатит. ГЭРБ кезінде күйдіру және қышқыл дәм сезіледі.
  • Бұлшықет-қаңқа жүйесі себептері: қабырға аралық невралгия, костохондрит, бұлшықет созылуы, қабырға жарақаты – ауырсыну қозғалыс кезінде күшейеді.
  • Басқа себептер: үрей (паникалық) шабуылдар, белдеулік теміреткі (опоясывающий лишай), жүйке қысылуы.

Егер кеуде тұсындағы ауырсыну алғаш рет пайда болса немесе оның қарқыны мен сипаты бұрынғыдан өзгеше сезілсе, тіпті ауырсыну тез басылған жағдайда да дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Әсіресе бірнеше минутқа созылатын, қайталанатын немесе ентігу, суық тер шығуы, жүрек айнуы, құсу, бас айналу, әлсіздік, жүрек ырғағының бұзылуы сияқты белгілермен қатар жүретін, сондай-ақ ауырсыну қол, жақ, арқа немесе жоғарғы құрсақ аймағына тарайтын жағдайлар ерекше алаңдатады.

Қосымша қауіп факторы жүректің ишемиялық ауруының даму ықтималдығын арттыратын жағдайлардың немесе аурулардың болуы: темекі шегу, жоғары қан қысымы, жоғары холестерин, қант диабеті, семіздік немесе жақын туыстарында ерте жаста жүрек ауруларының болуы. Мұндай жағдайларда дәрігерге баруды кейінге қалдыруға болмайды.

Ентігу

Ентігу — ауа жетіспейтіндей сезімнің пайда болуы. Ол физикалық жүктемеден кейін немесе тұмау кезінде болуы мүмкін, бірақ кейде кенеттен және түсініксіз жағдайда да пайда болады. Мұндайда назар аудару қажет: кенеттен басталған немесе жиі қайталанатын ентігу ауыр патологияның белгісі болуы мүмкін.

Ентігудің себептері көп. Олардың арасында:

  • Өкпе аурулары: астма, пневмония, созылмалы обструктивті өкпе ауруы (ХОБЛ), плеврит, пневмоторакс, өкпе артериясының тромбоэмболиясы.
  • Жүрек және қан тамырлары аурулары: жүрек жеткіліксіздігі, аритмиялар, жедел жүрек патологиялары, жүрек айналасында сұйықтық жиналуы (перикардтық эффузия).
  • Басқа факторлар: анемия, семіздік, үрейлік бұзылыстар мен паникалық ұстамалар, аллергиялық реакциялар, инфекциялардың салдары, тыныс жолына бөгде заттың түсуі.

Кенеттен басталған, сөйлеуге кедергі келтіретін, кеуде ауруымен бірге жүретін, тері бозаруы немесе көгеруі байқалатын, сананың шатасуымен немесе қатты әлсіздікпен қатар жүретін ентігу кезінде дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Сондай-ақ аз ғана жүктеме кезінде немесе тыныш күйде де байқалатын, шалқасынан жатқанда күшейетін, қанды қақырықпен, ісінумен немесе жоғары температурамен қатар жүретін ентігу де қауіпті белгі.

Кенеттен пайда болатын бас ауруы

Мұндай ауырсыну аяқ астынан басталып, өте жоғары қарқынмен сезіледі. Кейде тамыр соққандай солқылдайды, кейде қысқан немесе күйдірген тәрізді болады. Жиі жүрек айнумен, жарық пен дыбысты көтере алмаумен, бас айналумен қатар жүреді. Бұл ауырсыну әдеттегі бас ауруынан айқын ерекшеленеді және қысқа уақыт ішінде максимум деңгейіне жетеді.

Көп жағдайда бас ауруы қауіпті емес. Дегенмен, кенеттен және төзгісіз қатты ауырсыну медициналық тұрғыда назар аударуды талап етеді. Оның ықтимал себептері:

Бастың бастапқы ауырсынуы

Бұл топқа мигрень, кернеу себепті бас ауруы, сирек жағдайда кластерлі бас ауруы жатады. Оларды стресс, ұйқының бұзылуы, ағзаның сусыздануы, тамақ ішуді өткізіп жіберу, алкоголь, компьютер алдында ұзақ уақыт отыру сияқты факторлар қоздырады.
Бас ауруы инфекция, артериялық қысымның өзгеруі, көздің көру мәселелері, құлақ-мұрын-жұтқыншақ аурулары, кейбір дәрі-дәрмектердің жанама әсерлері салдарынан туындауы мүмкін.

«Найзағай тәрізді» бас ауруы

Егер ауырсыну аяқ астынан басталып, бір минут ішінде ең жоғарғы деңгейіне жетсе, бұл ми қан кету, қан тамырларының жедел патологиялары немесе жарақат белгісі болуы мүмкін.

Келесі жағдайларда шұғыл түрде дәрігерге жүгіну немесе жедел жәрдем шақыру қажет:
• ауырсыну кенеттен басталып, өте қатты болса;
• бас жарақатынан кейін ауырсыну пайда болса;
• қызба, құсу, мойынның сіресуі (қимылдағанда ауырсыну), естің шатасуы қосылса;
• сөйлеу бұзылысы, әлсіздік, дененің бір бөлігінің жансыздануы байқалса;
• көру қабілеті нашарлап, көз алдында қос көріну болса;
• тепе-теңдікті сақтау қиындап, адам құлап қала берсе;
• тырысу ұстамалары қосылса.

Балаларда мына белгілер байқалса, дәрігер көмегін кешіктірмей шақыру керек:
• бас ауруы түнде ұйқыдан оятса;
• таңертең күшейсе;
• жөтелгенде немесе еңкейгенде күшейсе;
• құсумен қатар жүрсе;
• көру қабілеті төмендесе.

Естен тану

Кенеттен қысқа уақытқа есті жоғалту – естен тану немесе синкопе деп аталады. Бұл жағдайда адам бірнеше секундқа немесе минутқа есін жоғалтады, содан кейін өз-өзіне келеді. Әдетте алдын ала белгілері байқалады: әлсіздік, бас айналу, жүрек айну, көздің қарауытуы немесе бозаруы, суық тер, құлақтағы шуыл. Мұндай белгілер байқалса, адам құлап қалмас үшін дереу қауіпсіз жерге отырып немесе жатып алу қажет.

Естен танудың негізгі себебі – миға қанның уақытша жеткіліксіз баруы. Оның ықтимал себептері:

  • ағзадағы судың азаюы немесе қызып кетуі (ауа райының ыстығы, дене қызуының жоғарылауы);
  • аяқасты орнынан тез тұру – ортостатикалық гипотензия, қан қысымының төмендеуімен жүреді;
  • ұзақ уақыт тік тұру, қозғалыссыз қалу;
  • қатты ашығу немесе ағзаның әлсіреуі;
  • эмоционалдық стресс, жарақаттан болатын ауырсыну, медициналық процедуралардан қорқу;
  • кейбір дәрі-дәрмектердің әсері (қан қысымын түсіретін препараттар, диуретиктер, жүрек ырғағына әсер ететін дәрілер);
  • қандағы қант деңгейінің төмендеуі (гипогликемия);
  • анемия – қанда гемоглобин азайып, оттегі жетіспегенде болады;
  • жүрек аурулары – аритмия, жүрек қақпақшаларының ақауы, жүрек жеткіліксіздігі;
  • неврологиялық бұзылыстар – инсульт, транзиторлық ишемиялық шабуыл, тырысу ұстамалары;
  • алкоголь немесе есірткі қолдану.

Жедел жәрдем шақырудан ешқашан тартынбау керек. Егер адам есінен танып, тынысы тоқтаса, жағдай бір минуттан ұзақ созылса немесе қайта қайталанса – бұл өміріне қауіп төнгенінің белгісі. Сондай-ақ дене жүктемесі кезінде не жатқан күйінде есінен танса, кеуде тұсы қатты ауырса, жүрек анда-санда емес, ерекше жиі қаға бастаса, ентігу пайда болса – уақыт жоғалтуға болмайды. Сананың шатасуы, сөз таба алмау, сөйлеуі өзгеру, көруінің бұзылуы, дененің бір бөлігінің әлсіреуі де – дереу дәрігер көмегін қажет ететін белгілер. Қатты жарақат, көп қан жоғалту, жүрек ауруы бар адамдардағы кез келген күрт нашарлау – жедел жәрдем шақыруға нақты себеп. Адам өз-өзіне тез келгеннің өзінде, мұндай жағдайдың себебін дәрігермен талқылау маңызды.

Қан кету әрдайым көзге көріне бермейді. Бірде ол ашық жарадан байқалса, кейде дененің ішкі қуыстарында жиналып, белгісіз ғана әлсіздік пен бас айналумен басталады. Бозару, суық тер, жүрек соғысының жиілеуі, құлақтың шулауы, есеңгіреу мен қан қысымының күрт түсуі – жасырын қан кетудің қауіпті белгілері. Қан кету жарақаттан да, асқазан немесе ішек ауруларынан да, дәрі әсерінен де туындауы мүмкін. Егер қан тоқтамаса, іш ауырып, ісіне бастаса, құсықта, зәрде, нәжісте қан байқалса, әйелдерде күтпеген және қатты қан кету болса – міндетті түрде жедел жәрдем шақыру керек. Әлсіздік пен бас айналумен бірге тері суып, ес бұлыңғырланса – уақыт санаулы.

Себепсіз салмақ жоғалту – ағзаның көмекті қажет ететін үнсіз дабылы. Күн сайын салмақ аздап өзгеруі қалыпты, бірақ диета ұстамай, өмір салтын өзгертпей жүріп 4–5 килограммнан айырылу – дәрігерге барудың маңызды себебі. Мұндай белгі кейде асқазан-ішек жолдарының бұзылуынан, қалқанша безі гормондарының теңгерімсіздігінен, созылмалы инфекциялардан немесе жүрек жеткіліксіздігінен туындайды. Кейде ол қатерлі ісік ауруларының алғашқы белгісі де болуы мүмкін. Егер салмақ түсумен қатар ұзаққа созылған қызба, түнгі терлеу, іштің ауруы, қан аралас нәжіс не зәр, қатты әлсіздік, көңіл-күй мен тәбеттің өзгеруі байқалса, дәрігерге баруды кейінге қалдыруға болмайды.

Себебі түсініксіз ұзаққа созылған қызба да сақ болуды талап етеді. Температура 38,3 °C-тен жоғары болып, ұзақ түспесе, ағзада жасырын процесс жүріп жатыр деген сөз. Мұндай қызбаның артында инфекциялар да, иммундық жүйе аурулары да, ісік процестері де тұруы мүмкін. Егер қызбамен бірге қатты бас ауруы, мойынның сіресуі, ентігу, кеуде ауыруы, аяқ-қол әлсіздігі немесе теріде басқанда жоғалмайтын қызыл дақтар пайда болса, бұл шұғыл көмек қажет ететін жағдай. Әсіресе тропикалық елдерге барғаннан кейін басталған қызбаға ерекше мән беру керек.

Егер белгілер жеңіл болса, алдымен терапевтке немесе отбасылық дәрігерге көрінген жөн. Ал өмірге қауіп төндіретін жағдайларда – уақыт өлшеусіз қымбат. Кеудедегі жаншып ауырған сезім, күшейген ентігу, кенеттен сөйлеу қабілетінің бұзылуы, дененің бір бөлігінің қимылсыз қалуы, есінен тану, ауыр жарақат немесе аллергиялық шок – бір ғана дұрыс шешім бар: дереу жедел жәрдем шақыру. Қоңырау шалғанда мекенжайды нақты айтып, жағдайды қысқа да анық түсіндіру қажет. Диспетчердің сұрақтарына сабырмен жауап беру көмек көрсетуді жеделдетеді. Егер күмәндансаңыз, «қоңырау шалсам ба, жоқ па?» деп ойлансаңыз, міндетті түрде қоңырау шалыңыз.