
2025 жылы жарыққа шыққан комедиялар аз емес. Соның ішінде Hollywood-тің бірнеше жанрды араластырып, кейде романтика, кейде экшн элементтерін сәтті қосқан фильмдерін демалыста қарап шықсаңыз болады. Жыл әлі аяқталмаса да, осы 10 айдың ішінде бұл тізім әжептәуір толығып үлгерді. Той алдындағы қарбалас тіршілік, аяғым ауыр деп алдаған әйел, көпшіліктің сүйіп көретін Бриджит Джонстың бастан кешкені сынды түрлі қызық бар. Назарларыңызға биыл шықса да көрермен көңілінен шығып үлгерген ең үздік туындыларды іріктеп алдық.
1. One of Them Days — «Один из тех дней»
Режиссёр: Лоуренс Ламонт
Басты рөлдерде: Кеке Палмер, Сиза, Мауд Апатоу, Лил Рел Хоури
Фильм сюжеті туралы қысқаша ақпарат
Лос-Анжелесте тұратын құрбылар — Дрю мен Алисса қиындыққа тап болады. Қыздар жалдап жатқан үйлеріне төлейтін ақшасын жоғалтып алады. Кешке дейін ақша таппаса, үйден шығарып жібереді. Содан екі құрбы қолдан келген амалдың бәрін істеп бағады. Қосымша табыс табу үшін күдікті бір жұмыстарды қарастырып көреді, алаяқтық жасауға да бел буады. Тіпті амалы құрыған олар бұрынғы жүрген жігіттеріне дейін барады. Қаладағы өмірден хабар беретін комедияда TikTok вайбы есіп тұрады. Сондықтан әсіресе жастарға өтімдірек болады. Кеке Пелмер мен әнші Сизаның актерлік шеберлігі көрген көрерменнің көңілінен шығып, оң баға алды. Қаладағы қыж-қыж қайнаған тіршілікті, көше мәдениеті мен ритмін сезінгіңіз келсе, көріп шығыңыз.
2. You’re Cordially Invited — «Добро пожаловать на свадьбу!»
Режиссері: Николас Столлер
Басты рөлдерде: Риз Уизерспун, Уилл Феррелл, Джеральдин Висванатан, Джимми Татро
Фильм сюжеті туралы қысқаша ақпарат
«Қазақтың тойы бітпесін» дейтіндерден болсаңыз, онда сізге холливудтың тойы туралы мына комедияны көру керек. Екі отбасы байқаусызда бір күнде, бір жерде той өткізетін болып қалады. Болатын жер брондалып қойған. Енді кімнің тойы өтетінін шешу керек. Келісімге келу өте қиын. Себебі амбициясы «ұрып тұрған», «сен тұр, мен атайын» ата-аналар, бұрын қыз-жігіт болып кездескендер, реалити-шоу түсіріп жүрген фотограф осы шаруаның басы-қасында жүргесін жағдай тіпті шиеленісе түседі. Отбасы құндылығы, той әлемі туралы жеңіл бірақ дәл сипатталған сатира. Уизерспун мен Феррелл рөлді керемет алып шыққан. Әсіресе, диалогтары сәтті ойластырылған.
3. Kinda Pregnant — «Типа беременна»
Режиссері: Тайлер Спиндэл
Басты рөлдерде: Эми Шумер, Джиллиан Белл, Уилл Форте
Фильм сюжеті туралы қысқаша ақпарат
38 жастағы Лэйн құрбыларының бірінен соң бірі босанып, балалы болғанын көріп әбден шаршаған. Олардың «ана болу неткен бақыт» деген сыңайдағы сөздерінен де қажыған. Содан ойлана келе ол өтірік жүкті болады. Басында жай әзілдеймін деп ойлаған ол кейін шындап кірісіп кетеді де, бәрінің назарын аулай бастайды. Тіпті әріптестері baby shower ұйымдастыруға дайындалып жүреді. «Кері шегінер жол жоқ» деп ол енді өтірік іш салып алып, аяғы ауыр әйелдің рөлін әрмен қарай ойнауға мәжбүр болады. Сарказмды қатыратын Эми Шумер бұл фильмде керемет ойнап шығады. Жалпы алғанда қоғамда әйелдерге жасалатын қысым, табысты әрі бақытты әйел культі туралы ойландырып тастайтын комедия.
4. Bridget Jones: Mad About the Boy — «Бриджит Джонс. Без ума от мальчишки»
Режиссері: Майкл Моррис
Басты рөлдерде: Рене Зеллвегер, Хью Грант, Чиветель Эджиофор, Эмма Томпсон, Лео Вудолл
Фильм сюжеті туралы қысқаша ақпарат
Бриджит Джонс фанаттарына айтар жақсы жаңалығымыз бар. Жаңа бөлімі жарыққа шықты. Бұл жолы бас кейіпкер бұрынғы кезге қарағанда даналығы басым, ақыл тоқтатқан. Бірақ іштей әлі де романтик. Марк Дарси қайтқаннан кейін, екі баласымен Бриджит жесір қалады. Жасы елуге таяп қалған ол шын жасын жасырып, өзін 35-те деп көрсетіп жүреді. Арықтаймын деп тыраштанып, арасында ішеді, темекі шегеді. Әрине, күнделік жүргізуді ұмытпайды. Сөйтіп жүргенде бір күні ол интернет арқылы бір жігітпен танысады. Оның жасы отызда екен. Өзінен біршама жас жігітпен кездесіп, күнде неше түрлі ыңғайсыз жағдайға қалып жүреді. Бұл фильмде меланхолия басым деуге болады. Әркімнің тағы бір мүмкіндік алуға таласы бар деген месседж жатыр.
5. Heads of State — «Главы государств»
Режиссері: Илья Найшуллер
Басты рөлдерде: Идрис Эльба, Джон Сина, Приянка Чопра Джонас, Пэдди Консайдин
Фильм сюжеті туралы қысқаша ақпарат
АҚШ президенті мен Ұлыбританияның премьер-министрі жаһандық шабуыл кезінде бір бункердің ішінде қалып қояды. Енді әлемді құтқару үшін олар күшін біріктіруі керек болады. Бірақ бір қиыны сол — екеуі бір-бірін жақтырмайды. Дегенмен амалсыздан бірігіп, әрекет етуге мәжбүр. Мұнда экшн мен сатира сәтті қосылған. Идрис Эльба мен Джон Сина да фильмнің сәнін кіргізеді.
6. The Bad Guys 2 — «Плохие парни 2»
Режиссері: Пьер Перифель
Басты рөлдерде: Сэм Рокуэлл, Окуафина, Крэйг Робинсон, Энтони Рамос, Мария Бакалова
Фильм сюжеті туралы қысқаша ақпарат
Көпшіліктің жүрегінің төрінен орын алған анимациялық антикейіпкерлер қайта оралды. Атап айтқанда, Қасқыр, Жылан және Акула тағы да бір істің аясында бірігеді. Сценариі шебер жазылғаны сонша юморы көрерменді еріксіз тартады. DreamWorks балаларға ғана емес, ата-аналарына да қызық болатын мультфильмді жарыққа шығарды. Алдыңғы бөлім ұнаған болса, екіншісін міндетті түрде көріп шығыңыз. Тіпті көрмеген болсаңыз да, қызық болатыны анық.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін бір демде қалатын шағын дорамалар мен биыл жарыққа шыққан үздік түрік сериалдары туралы жазған едік.