
19 қазан – Құтқарушылар күні. Осыған орай Төтенше жағдайлар министрі
Шыңғыс Әрінов кәсіби мерекемен құттықтады.
«Сіздерді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығымен және біздің ортақ кәсіби мерекеміз – Құтқарушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл маңызды күн адамдарды құтқару ісіне өзін арнаған барлық жандарды, олардың ведомстволық немесе ұйымдық бағыныштылығына қарамастан, біріктіретін мереке. Бүгінде Құтқарушы күні бұл қауіпсіздік күзетінде тұрған және кез келген сәтте көмекке келуге дайын ТЖМ қызметкерлерін, еріктілерді, қоғамдық және мемлекеттік емес құтқару құрылымдарының өкілдерін біріктіретін өзара құрмет пен бірліктің символы», — деді министр.
Әрінов отыз жыл ішінде Қазақстанның азаматтық қорғау жүйесі кез келген қиындықтарға тиімді жауап бере алатын қуатты әрі заманауи құрылымға айналғанын атап өтті.
«Кәсіби шеберлік, абырой мен Отанға адал қызмет ету дәстүрлерін қалыптастырған қызмет ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің тәжірибелеріңіз, даналықтарыңыз бен өнегелеріңіз министрліктің даңқты дәстүрлерін жалғастырып келе жатқан жас құтқарушылар үшін үлкен рухани күш пен шабыт көзі. Күн сайын азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында алдыңғы шепте тұрған барлық қызметкерлерге, еріктілерге, азаматтық белсенділерге алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз нағыз патриотизм мен адами жанашырлықтың көрінісі», —делінген хабарламада.
Айта кетейік 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.