Жаңалықтар

Дрон шабуылынан кейін Қазақстан газы өңделетін Орынбор зауытында өрт шықты

Ұшқышсыз ұшу аппаратының соққысы Орынбор ГӨЗ-ның цехтарының бірін өртеп жіберді / Фото: «Газпром» ЖАҚ

Орынбор газ өңдеу зауытына (ГӨЗ) жасалған дрон шабуылының нәтижесінде өндірістік цехтардың бірінде өрт шығып, кәсіпорын инфрақұрылымы ішінара зақымданды. Бұл туралы «НефтеГаз.ру» Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевке сілтеме жасап хабарлады.

Аймақ басшысының айтуынша, соққыдан кейін цехтардың бірінде өрт тұтанып, оны сөндіруге ТЖМ бөлімшелері мен өңірлік төтенше жағдайларды жою жүйесінің қызметтері дереу тартылған. Өрт сөндіру бригадалары жалынды ауыздықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

«Кәсіпорын қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ. Нысан елді мекенге қауіп төндірмейді», – деді Солнцев.

Орынбор газ өңдеу зауыты табиғи газ бен газ конденсатын, соның ішінде аттас кен орнынан және Қазақстаннан жеткізілетін Қарашығанақ кен орнынан келетін газдың бір бөлігін өңдейді.

Кейін ҚР Энергетика министрлігі Орынбор ГӨЗ Қарашығанақ кен орнынан шикі газ қабылдауды уақытша тоқтатқанын хабарлады.

«Зауыттың зақымдану сипаты мен жұмысын қалпына келтіру мерзімі туралы ақпарат әзірге Ресей тарапынан берілген жоқ», — деді министрліктің ресми өкілі Әсел Серікбаева.

Ол Қазақстанның ішкі газбен қамту жүйесіне бұл жағдайдың әсері болмағанын атап өтті.

«Ішкі тұтынушыларға газ штаттық режимде, ешқандай шектеусіз жеткізіліп жатыр. Қарашығанақ шикізатын өңдеуге және бұл жағдайдың мұнай өндіруге ықтимал әсеріне қатысты мәселелер жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп қарастырылып жатыр. Ықтимал шығындарды бағалау және алдағы әрекеттер туралы қосымша хабарланады. Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр және Ресей тарапы мен кен орны операторларымен тұрақты байланыста», — деді Серікбаева.

Талдаушы Олег Червинскийдің айтуынша, Орынбор зауыты — Қарашығанақ газын өңдеудегі негізгі нысан.

«Орынбор ГӨЗ газ қабылдау көлемін азайта бастаған сәтте кен орнында өндіру де төмендейді. Бүгінгі шабуылдың КПО консорциумының өндіріс деңгейіне қалай әсер ететіні әзірге белгісіз», — деп атап өтті сарапшы.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы қолданыстағы өнімді бөлісу туралы келісім шеңберінде тоқтатылғанын хабарлады.