
Шымкент қаласының әкімдігі әлеуметтік желіде қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының еденінде жатқан науқастар туралы тараған видео жөнінде түсініктеме берді.
Демалыс күндері әлеуметтік желіде қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан түсірілген видео тарап, қызу талқыға түскен еді Онда аурухана бөлімшесіндегі дәліз еденінде науқас балалардың анасымен бірге жатқанын байқауға болады. Бұл видеоға қатысты бүгін қала әкімдігі мәлімдеме жасады.
Әкімдіктің хабарлауынша, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Ондағы 10 бөлімшенің 8-і тәулік бойы аса қауіпті және түрлі жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастарды қабылдап, медициналық көмек көрсетіп жатыр.
«Соңғы демалыс күндері науқастардың жаппай түсуіне байланысты кейбіреулері палаталарға және дәлізге орналастырылды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес, жұқпалы аурулармен түскен науқастарды дәлізде уақытша орналастыруға, кейін профильдік бөлімшеге ауыстыруға рұқсат етіледі. Бұл санитарлық нормаларды бұзбайды және инфекциялық бақылау талаптарына сай жүзеге асырылады» делінген мәлімдемеде.
Ресми мәліметке қарағанда, ауруханада 2, 3 және 4 орындық палаталар бар. Әр палата санитарлық бөлмемен қамтамасыз етілген. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, бөлмелерде ауа алмасуын қамтамасыз ететін терезелер мен ішкі желдету жүйесі орнатылған.
«Науқастарға медициналық көмек көрсету стандартына сай уақытылы және толық көлемде диеталық тағам ұсынылады. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері бекітілген хаттама негізінде қызмет атқарып, санитарлық нормалардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Төсек-орын жабдықтары эпидемиологиялық маусымға жеткілікті. Ауруханада санитарлық талаптардың орындалуы тұрақты түрде қадағаланады» деп хабарлады әкімдік.
Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері тарапынан этика мен деонтология қағидаларының бұзылу деректері тіркелмеген. Бөлім меңгерушісінің басшылығымен дәрігерлер мен медбикелердің саны көбейтіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жағдайы тұрақты науқастар амбулаторлық емге шығарылып, палаталар босатылған.