Жақсыбековке қатысы бар компания елордадағы ақылы тұрақтан әлі де пайда көріп отыр

«Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС әлі де елордадағы ақылы автотұрақтардан түсетін табыстың 75%-ын алып отыр. Компанияның Астананың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбековке қатысты бары айтылады.
2025 жылдың ақпанында сот әкімдікке бұл компаниямен арадағы келісімді бұзуды міндеттеген. Алайда сот шешімі әлі орындалмаған. Бұл туралы бірінші вице-премьер Роман Склярдың депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.
Құжатқа сәйкес, компания қазір барлық инфрақұрылыққа, соның ішінде мобильді қосымшаға иелік етеді және жұмыс істеп тұрған ақылы автотұрақтардан табыс алып отыр.
«Қолданыстағы ақылы автотұрақтарға арналған мобильді қосымша «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС меншігі. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартын бұзу рәсімі жүріп жатыр», – делінген жауапта.
Келісім 2018 жылы жасалған. Процесс аяқталғаннан кейін әкімдік көліктің тұрақта қанша минут тұрғанына қарай төлем алу жүйесіне көшеді. Сондай-ақ нөмірді тану функциясы бар жүйе енгізу жоспарланған.
Ақылы автотұрақтар қанша табыс әкеледі
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімге сәйкес, тұрақтан түскен қаражаттың 75%-ы компанияға, ал 25%-ы қала бюджетіне аударылады.
Ал тұрақтың ақысын төлемегені үшін салынатын айыппұл толық мемлекеттік қазынаға түседі. «ҚазАқпараттың» хабарлауынша, жоба іске қосылған сәттен бері қала бюджеті 6 млрд теңгеге толыққан, бұл барлық түсімнің шамамен 90 пайызы.
Айта кетейік, қаладағы коммуналдық тұрақта бір сағат үшін 100 теңге төлеу қажет, ал шлагбаумы бар тұрақтағы бағаны 300 теңгеге дейін көтеру қарастырылып жатыр.
Жекеменшік тұрақтар өз тарифін өздері белгілейді. Баға сағатына 300-ден 5000 теңгеге дейін болады.
Сот шешімі
2025 жылдың ақпанында Жоғарғы сот Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің шешімін заңды деп танып, Астана әкімдігін «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен келісімді бұзуға міндеттеді.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, компания заң бұзушылықтарға жол берген. Мәселен, электромобиль иелерінен ақы алған, ал оларға заң бойынша тұрақты тегін пайдалану құқығы берілген.
Компанияның меншік иелері бірнеше рет ауысқанымен, көпшілігі Жақсыбековтер отбасына жақын адамдар. Ішінде Жақсыбековтің жиені Арман Батпен, сондай-ақ Рүстем Исенов пен Ержан Төлеубеков бар, олардың «Цесна» тобы активтеріне байланысы бар екені айталады. Байланысы туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.