
Композиторлар одағының мүшесі Юрий Аравин 84 жасында қайтыс болды. Қаралы хабарды мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеткізді.
«Юрий Аравин – қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияларға бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыларды жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді», – деп жазды Балаева.
Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері Юриф Аравин – «Парасат» және «Отан» ордендерінің иегері, Композиторлар одағының мүшесі, профессор.
«Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының мұрасына арналған бірқатар телерадио бағдарламаларын жасады. Қазақ фольклорына шын жүрегімен ғашық, талантты музыкатанушы ретінде халқымыздың дәстүрлі музыкасының бай әлемін тыңдарманға жаңа қырынан танытты», – деді министр.
Юрий Аравин 1941 жылы 2 сәуірде Тверьде дүниеге келген. 1968 жылы Новосибирскідегі консерваторияның тарихи-теория факультетін, 1972 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын бітірген.