Депутат құрылысқа бөлінген 2 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында «QazConstructions» ЖШС басшылығы әлеуметтік нысан құрылысына бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, тергеу Шығыс Қазақстан және Абай облысында 7 аудандағы 11 әлеуметтік нысан құрылысына байланысты жүргізіліп жатыр.
Күдіктілердің қатарында «QazConstructions» ЖШС-ның бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар.
«Қылмыстық әрекет салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген. Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады», – делінген ақпаратта.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алған.
Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында алтынды екі жыл заңсыз өндіруге қатысқандар қамауға алынды.