
Алматы қаласы әкімдігі бағаны тұрақтандыру және азық-түлік қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 12 млрд теңге қаражат бөлді. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов мәлімдеді.
Алматы қаласында тоғыз айдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 13,2%-ды құраған. Олжас Смағұловтың айтуынша, әкімдік бағаны тұрақтандыру және ақылы қызметтер нарығын бақылау жұмыстарын жалғастырып отыр.
«Біздің басым бағыттарымыздың бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты деңгейде ұстау. Өйткені бұл әр отбасының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті біз жүйелі әрі жедел түрде әрекет етеміз», – деді Олжас Смағұлов.
Қала әкімдігінің дерегіне сәйкес 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша жалпы көлемі 26 мың тонна өнімге келісімшарт жасалған. Өнімдер Алматыға делдалсыз, ірі өндірушілерден тікелей жеткізіледі.