Жаңалықтар

ЖИ тартып алады: қай мамандықтар бірінші кезекте құрығалы тұр

Жасанды интеллект / Фото: kursiv.media архиві

Жасанды интеллектің дамуы енді тек технология емес, еңбек нарығының болашағын анықтайтын факторға айналды. Microsoft компаниясының соңғы зерттеуіне сүйене отырып, автоматтандыру қарқыны күрт өсіп, тұтас кәсіби бағыттар ЖИ жүйелерімен ішінара алмастырылып жатыр, деп жазады ranking.kz.

Зерттеу генеративті жасанды интеллектің (мысалы, ChatGPT, Midjourney, Gemini және т.б.) әртүрлі мамандықтарда қалай қолданылатынына және адамның еңбегін алмастыру әлеуеті қаншалықты жоғары екеніне арналған.

Қай салалар ең үлкен қауіп аймағында

Ең алдымен, тәуекел аймағында – сату және клиенттермен жұмыс істеу салалары. Бұл бағыт 0,32 балл көрсеткішін алған. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, алдағы жылдары осы саладағы негізгі функцияларды нейрожелілер мен автоматтандырылған жүйелер орындай алуы ықтимал дегенді білдіреді.

Одан кейінгі орындарда ақпараттық технологиялар мен математика (0,3), кеңсе және әкімшілік қолдау (0,29), әлеуметтік қызмет пен қоғамдық сала (0,25), сондай-ақ өнер, дизайн, медиа және ойын-сауық (0,25) салалары тұр.

Бұл салалардағы жұмыс функцияларының жартысынан көбі бүгінде жасанды интеллект технологияларымен тікелей байланысты. Сату мен клиенттерге қызмет көрсету процестері стандартталған қарым-қатынасқа және типтік сұраныстарды өңдеуге негізделгендіктен, автоматтандыруға ең бейім болып отыр.

Керісінше, ЖИ ықпалы денсаулық сақтау саласындағы қолдау және көмек көрсету (0,05), агроөнеркәсіп (0,06), құрылыс және пайдалы қазбалар өндіру (0,08), тазалық пен техникалық қызмет көрсету (0,08) сияқты мамандықтарда ең төмен деңгейде.

Гуманитарлық және сервистік салаларда ЖИ-дің қолдану деңгейі айрықша жоғары.
Бірінші орында жазбаша және ауызша аудармашылар (0,49) тұр – нейрожелілер мәтін мен сөйлеуді жоғары дәлдікпен және жылдамдықпен аударады. Бұл адам еңбегіне деген сұранысты азайтып отыр. Келесі орында – тарихшылар (0,48), себебі алгоритмдер архивтік деректердің үлкен көлемін талдап, тақырыптық қорытындылар жасай алады.

Бортсеріктер мен жолсеріктердің (0,47) жұмысында да ЖИ коммуникациялық функциялардың бір бөлігін өз мойнына алуда – дауыс нұсқаулықтарынан бастап жолаушыларға арналған жеке қызметтерге дейін. Сонымен қатар қызмет көрсету саласындағы сату өкілдері (0,46) онлайн сатылымдар мен чат-боттардың дамуы нәтижесінде кей функцияларынан айырылып жатыр.

Ал жазушылар мен авторлар (0,45) арасында генеративті модельдер мазмұн, сценарий және мақалалар жазу арқылы жылдамдық пен көлем тұрғысынан тікелей бәсекелеске айналды.

Қазірдің өзінде аудармашылардың 98% міндеттері, тарихшылардың, математиктердің, редакторлар мен корректорлардың 91% жұмысы ЖИ технологияларымен ішінара орындалып келеді.

ChatGPT әлемдік және қазақстандық көшбасшы

StatCounter деректері бойынша, 2025 жылдың қыркүйегіндегі ең танымал ЖИ-чатбот – OpenAI жасаған ChatGPT, оның нарықтағы үлесі 81,12%.
Келесі орында Perplexity (10,85%), үшінші орында Microsoft Copilot (4,04%) тұр.
Ал үздік алтылыққа Google Gemini (2,82%), Anthropic Claude (0,99%) және қытайлық DeepSeek (0,18%) енді.

Қазақстанда да жағдай ұқсас, бірақ ChatGPT үлесі одан да жоғары – 93,99%.
Одан кейін Perplexity (2,71%), Gemini (1,92%), Copilot (1,03%), Claude (0,31%) және DeepSeek (0,05%) орналасқан.

Similarweb деректері бойынша, 2025 жылдың тамызында ChatGPT жаһандық трафигі 5,8 млрд кірісті құрап, барлық ЖИ-чатботтар трафигінің 69% үлесін иеленген.
Трафиктің 15%-ы АҚШ-тан, 9,3%-ы Үндістаннан, 5,3%-ы Бразилиядан, ал 4,3%-ы Ұлыбританиядан келген.

Қайта бейімделу керек пе?

ЖИ дамуы еңбек нарығын түбегейлі өзгертті. Бұрын автоматтандыру тек механикалық жұмыстарға әсер етсе, енді интеллекті еңбектің өзіне – талдау, аударма, мәтін жазу, оқыту процестеріне еніп отыр.

ChatGPT, Claude және Gemini секілді құралдар адамның орнын баспай, онымен қатар жұмыс істейтін жаңа еңбек стандартын қалыптастыра бастады.

Қазақстанда генеративті ЖИ-ді енгізу жүйесіз және фрагментті түрде жүріп жатыр. Кәсіпорындар шығынды азайту мақсатында нейрожелілерді пайдаланғанымен, қызметкерлерді қайта оқыту мен бейімдеуге инвестиция салмайды.

Қазақстанда ЖИ әзірге жүйесіз енгізілуде: бизнес шығынды қысқартуға асық, ал кадрларды қайта даярлау жүйесі жоқтың қасы. Ең осал топ – гуманитарлық және қызмет көрсету саласындағы мамандар. Егер мемлекет пен жұмыс берушілер алдын ала қамданбаса, технологиялық толқын бұл салаларды жай ғана жұтып қоюы мүмкін.

Айта кетейік, бұдан бұрын ChatGPT әзірлеушісі OpenAI өз ЖИ чиптерін шығара бастайтынын жазғанбыз.