
Қарағандыда алаяқтарға алданған 232 адамның ісі ведомствоаралық деңгейде тексерілетін болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжілістегі «Аманат», «Ауыл» және «ЖСДП» партияларының депутаттары Бас прокурорға, Ішкі істер министрі мен Ұлттық банк төрағасына сауал жолдаған еді. Олардың сауал жолдауына Қарағанды қаласындағы бастамашыл топтың өтініші түрткі болған. Қарағандыда кибералаяқтардың әрекетінен және банк жүйесінің ақшалай-несиелік операцияларындағы олқылықтардан 232 адам зардап шеккен. Олардың көбі зейнеткерлер және әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтар.
Айтуларынша және ұсынылған құжаттарға сәйкес, қазір қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін тиісінше қорғауға жауапты мемлекеттік органдар, сондай-ақ елдің цифрлық даму және байланыс саласына жауапты орган азаматтарды кибералаяқтардың әрекеттерінен қорғау шараларын толық көлемде жүзеге асырып отырған жоқ.
«Қарағандының 66 жастағы зейнеткері Тютючкина Г.И. бүгінде «Халық банкінде» және «Home Bank»-те жалпы сомасы 5 081 543 теңге қарызы бар, соған қарамастан ол 2001 жылдан бері психоневрологиялық есепте тұр. Оның денсаулығы туралы мәліметтер барлық мемлекеттік платформаларда расталады. Сондай-ақ көпбалалы отбасы – Ж.И.Отыншин мен К.А.Аскарованың атында алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер алынған сәтте бірнеше қолданыстағы несиелері болған, сондықтан банктер жаңа қарыз рәсімдеуге құқылы болмаған. Алайда соған қарамастан, төрт баласы бар бұл отбасы қосымша 18 609 800 теңге сомасында қаржылық ұйымдарға қарыздар болып қалған. Мұндай мысалдар жүздеп кездеседі», – дейді депутаттар.
Осыған байланысты депутаттар аталған азаматтарға көмектесуді сұраған.
Ұлттық банктің жауабы
Бұл сауалға алдымен Ұлттық банк жауап берген. Бірақ қаржы реттеушісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұстанымын жариялаған. Агенттіктің мәліметінше, Қарағанды қаласы тұрғындарының жеке өтініштері бойынша құжаттамалық тексерулер жүргізілген. Белсенділер ұсынған жәбірленушілердің тізімдері негізінде түбіртек-парақтар бойынша кредиторлардың мәліметтері салыстырылған. Кредиторлармен несиелерді алаяқтық ресімдеу салдарынан туындаған берешекті реттеудің ықтимал тетіктері талқыланған.
«Агенттік кредитор банктердің атына борыштық жүктемені төмендету бойынша қолдау шараларын көрсету қажеттілігіне қатысты, оның ішінде негізгі борышты сыйақыны және тұрақсыздық айыбын кешіре отырып, бөліп-бөліп төлеу не қарыз бойынша берешекті толық кешіру жолымен қолдаухаттар жолдады. Бұдан басқа, Агенттік депутаттық сауалға қоса берілген тізімнен зардап шеккен басқа да адамдар бойынша Ішкі істер министрлігімен және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп кредиторлардың ақпараттық және киберқауіпсіздік, міндетті биометриялық сәйкестендіру, төлем қабілеттілігін бағалау және дербес деректерді қорғау бөлігінде талаптарды сақтауы тұрғысынан ведомствоаралық тексеру жүргізу туралы мәселе қарастырылып жатыр», – делінген жауапта.
Осы проблеманың өзектілігіне байланысты Ұлттық банк, Агенттік және құқық қорғау блогы алаяқтықтың алдын алуға және онымен күресуге бағытталған шараларды атап өтеді. Атап айтқанда, биометриялық сәйкестендіруді де, ЭЦҚ-ны да міндетті бір мезгілде қолдану, банктер мен МҚҰ нақты уақыт режимінде кредитті ресімдеуге арналған өтініштер бойынша мәліметтерді кредиттік бюроға беру міндеттері атап өтіледі.
Айта кетейік, бұған дейін қаржы пирамидасына алданған 200 шақты адам 230 млн теңгесінен айырылғаны хабарланған еді. Сондай-ақ қарт адамдарға қаржылық алаяқтардан қалай сақтану керек екенін де жазғанбыз.