Футболға байланысты 21 қазанда Алматыда жол жабылады

21 қазанда Алматының Орталық стадионында УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясындағы «Қайрат» пен кипрлік «Пафос» клубтары арасындағы матч өтеді. Осыған байланысты стадион маңындағы көлік қозғалысы шектеледі.
Қалалық әкімдік хабарлауынша, ойын сағат 21:45-те басталады. Сағат 20:00-ден матч аяқталғанға дейін Абай, Байтұрсынов, Сәтбаев және Шевченко көшелерінде қозғалыс уақытша шектеледі.
«Қала тұрғындары мен жанкүйерлерге алдын ала жол бағытын жоспарлап, қоғамдық көлікті пайдалануға кеңес беріледі», – делінген хабарламада.
Бұған қоса, матчтан кейін жанкүйерлер үшін 6 бағыт бойынша 60 қосымша автобус жолға шығады. Қосымша көлік «Алматы Аренаға», Алматы-1 вокзалына, әуежайға және бірқатар шағынауданға қатынайды.
Әкімдік стадион маңында жедел медициналық көмек бригадалары кезекшілік ететінін ескертіп, жанкүйерлерді қоғамдық тәртіпті сақтауға және команданы мәдениетті түрде қолдауға шақырды.