Алматыда азаптау фактісі бойынша Қожамжаровтың бұрынғы қызметкерлері сотталды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Алматыда азаптау фактісі бойынша Қожамжаровтың бұрынғы қызметкерлері сотталды / фото: shutterstock

Алматыда қаржы полициясының бұрынғы қызметкерлері Кенжебай Жұмабеков пен Дәурен Есімбековке сот үкім шығарды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Алматы сотында хабарлағандай, процесс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жабық режимде жүргізілді.

Үкімге сәйкес Кенжебай Жұмабеков пен Дәурен Есімбеков «Алдын ала сөз байласу арқылы және бірнеше рет бір топ адамды азаптау» фактісі бойынша кінәлі деп танылды. «ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, Кенжебай Жұмабековке алты жыл, Дәурен Есімбековке төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандардың екеуіне де үш жылға мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынады.

Сот үкім әлі заңды күшіне енбеген.

Іс бойынша жәбірленуші деп танылғандардың саны жария етілмейді.

«Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 29-бабына сәйкес мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау мүдделеріне байланысты осы қылмыстық іс бойынша сұрау салудың қалған бөлігінде сұратылатын ақпаратты жария ету мүмкін болмайды», — делінген соттың ресми жауабында.

БАҚ-тың хабарлауынша, қаржы полициясының бұрынғы қызметкерлерінің ісі бойынша отырыстар маусым айында басталған. Оларға «Қорғас» бекетінің кеден брокерлері — Руслан Сыдықовты, Нұрлан Сарымбетовті және Нұрбек Мұратбековті азаптады деген айып тағылды.

Бұған дейін 2025 жылғы 6 қыркүйекте Бас прокуратура Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғаны белгілі болған.

Ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және Қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша күдікке ілінген.

Сондай-ақ оқыңыз