«Дядя Ваня»: қазақ футболына талай талант сыйлаған бапкер

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Дядя Ваня»: қазақ футболына талай талант сыйлаған бапкер / фото: kursiv.media

Тараз футбол мектебінен шыққан талай жас бүгінде ұлттық құраманың негізгі тірегіне айналды. Бауыржан Исламхан, Мұхамеджан Сейсен, Бахтиер Зайнутдинов, Ғалымжан Кенжебек, Дінмұхаммед Қараман, Әрсен Әшірбек, Дәурен Жұмат ел намысын қорғап жүрген бойыншылардың барлығы да бір адамнан тәлім алған. Ел арасында «Дядя Ваня» атанып кеткен Иван Ильницкий – Тараз футболына еңбегі сіңген, Қазақстан футболына өз үлесін қосып жүрген жан.

Бала күнгі арманнан басталған жол

Иван Ильницкий Украинаның Полтава қаласында дүниеге келген. Екі жасында ата-анасымен бірге Қазақстанға, Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Бірлесу-Еңбек ауылына қоныс аударған. Сол ауылда өсіп, футболға деген сүйіспеншілігі бала күннен басталады. Жол көрсететін бапкер болмағандықтан, Иван өзі ізденіп, «Дене шынықтыру және спорт» журналынан әдістемелер оқып, ауыл балаларына футбол үйрете бастаған.

8-сыныпта өз қолымен ауылдың алғашқы футбол қақпасын жасап, достарымен алаң салып шыққан. Қызығы, арада елу жыл өтсе де сол қақпа әлі күнге дейін орнында. Қазір сол алаңда ауылдың балалары доп теуіп жүр.

«Бұл қақпа менің өмірімнің бір бөлігі сияқты. Әлі күнге дейін оған қарап, бала кезімді еске аламын», – дейді бапкер.

Ваня ағайдың өз қолымен салған қақпасы / фото: kursiv.media

Жеңіс күніндегі дәстүр

Бірлесу-Еңбек ауылы Иван Ильницкий үшін қасиетті мекен. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ауылдастарымен бірге футболдан турнир ұйымдастырып, соғыста қаза тапқан ата-бабаларға құран оқытады.

Сол күні оның бала күнінде орнатқан қақпасы маңына ауыл балалары мен үлкендер жиналып, достық матч өткізеді. Осылайша Ваня ағайдың жыл сайын ұйымдастыратын турнирі ұрпақ сабақтастығын жалғайтын дәстүрге айналды.

Футболға өмірін арнаған ұстаз

Ильницкий әскери борышын өтеп келген соң, Челябі педагогикалық институтында білім алып, балалармен жұмыс істеудің тиімді әдістерін үйренген. Елге оралған соң түрлі салада еңбек етсе де, жүрегі футболдан ажырамады. Күн сайын жұмыстан кейін ауылдың балаларын жинап, жаттығу өткізуді әдетке айналдырды.

Кейін Тараздағы спорт мектебіне шақырылғанда, небәрі жарты ставкаға жұмыс істесе де, 64 бала жинауы тиіс болған. Алайда көрсеткішті екі есеге асырып, 120 бала қабылдады.

«Дядя Ваня»-ның басқалардан ерекшелігі неде?

«Дядя Ваняның» шәкірт іздеу тәсілі ерекше. Әрдайым қала көшелері мен аулаларды аралап, доп қуалаған балалардың ойынын бақылайды. Көзге түскендерін ата-анасымен сөйлесіп, жаттығуға шақырады.

Солайша Ваня ағай қазақ футболының аңызына айналған Бауыржан Исламханды Тараз қаласындағы 11-ықшамауданда, Ғалымжан Кенжебекті 8-ықшамауданда, Мұхаммеджан Сейсенді №42 мектептен тапқан.

«Таразда балаларды осылай табан тоздырып іздейтін жалғыз мен болармын. Кейде қасыма бапкерлерді ертіп алып, талант іздеуге шығамыз. Егер отбасы көпбалалы не тұрмысы төмен болса, тегін жаттығуға мүмкіндік береміз», – дейді Ваня ағай.

Неге «Ваня ағай»?

Иван Ильницкий шәкірттерімен тек жаттығуда емес, өмірде де байланысын үзбейді. Қазақ тілін жетік меңгерген бапкер барлық сабағын қазақша жүргізеді. Шәкірттері оны «ағай» деп атаса, әріптестері «Дядя Ваня» деген есімді беріп кеткен.

«Көбінесе қазақ балаларымен жұмыс істегесін, бәрі түсінсін деп қазақша сөйлеймін. Кейде ата-аналар, балалар толық аты-жөнімді сұраған Ағай, ағай, ағай үш рет ағай деп жауап беремін. Өйткені жаттығу кезінде балаларға Иван Ильницкий деп айту қиын. Сондықтан «Ваня ағай» деп атаған кезде өзімде жақсы көремін».

Бүгінде Ваня ағайдың еңбегі далада қалған жоқ. 30 жылда тәрбиелеген жүздеген шәкіртінің жетеуі ұлттық құраманың сапында ойнайды. Олардың қатарында Бахтиер Зайнутдинов, Мұхаммеджан Сейсен, Ғалымжан Кенжебек, Дәурен Жұмат, Арсен Әшірбек, Артур Шушеначев және Дінмұхаммед Қараман бар.

фото: instagram: islamkhan_9

Еске сала кетейік, бұған дейін Kursiv.Media Youtube арнасында Қазақстандағы балалар футболының дамуы туралы «Месси сияқты» атты деректі фильм түсірген еді. Сол фильмде Тараз футбол мектебі де туралы сөз қозғаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз