Жаңалықтар

Мемлекеттік мекемелерге өз алдына жеке мобильді қосымша жасауға тыйым салынды

superapp
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдарға өз бетінше жеке мобильді қосымшалар әзірлеуге тыйым салады. Олар тек eGov және Aitu платформаларында жүзеге асырылуы керек. Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық ететін Цифрлық штаб осындай шешім қабылдады.

Үкіметтің түсіндіруінше, бұл шешім «азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру мақсатында» жасалған.

«Ыңғайлы және қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру мақсатында барлық мемлекеттік мобильді сервистер SuperApp қағидаты бойынша eGov және Aitu экожүйелеріне кезең-кезеңімен біріктірілетін болады. Интеграция мобильді қосымшалардың бытыраңқылық мәселесін жояды, үдерістерді жеделдетеді және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттырады», – деп жазылған премьер-министр сайтында.

Сондай-ақ Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2025 жылғы 10 қарашаға дейін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтуді тапсырды.

Цифрлық штаб Alem.cloud ұлттық суперкомпьютер орталығында есептеу ресурстарын бөлу қағидаларын бекітуді міндеттеді. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі қолданыстағы тетіктер шеңберінде ЖОО-ларға қолдау көрсетуді қамтамасыз етуі керек.

«Alem.cloud суперкомпьютерлік орталығының есептеу ресурстарын бөлу ережелерін бекіту Astana Hub стартаптары, ғылыми ұйымдар мен университеттер, мемлекеттік органдар және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары, сондай-ақ шетелдік компанияларды қоса алғанда, жеке сектор жобалары үшін жоғары өнімді қуаттарға қол жеткізудің нақты әрі айқын тетігін қалыптастырады», – деп хабарлайды үкіметтен.

Цифрлық штабтың шешімімен Astana Hub IT-стартаптар технопаркі қызметінің басым түрлерінің тізбесіне мультимедиа, ойындардың дизайнын жасау мен басып шығару, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу, сүйемелдеу және түрлендіру, киберспорт саласындағы қызметтер сияқты танымал бағыттарды қосуды да тапсырды.

Бұған дейін цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметкерлерді Aitu-ды пайдалануға міндеттеуі мүмкін деген еді. Ведомство басшысының сөзінше, бұл ұлттық қауіпсіздік үшін қажет.