
Pana Asia компаниясы Шығыс Қазақстан облысында, Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауында халықаралық деңгейдегі курорт салады. Бұл туралы Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов айтты деп жазады Kursiv.Media.
«Біз Pana Asia атты танымал қонақүй компаниясымен әріптестік туралы меморандумға қол қойдық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, туризмді дамыту жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Pana Asia – бутиктік Pana Hotels қонақүйлері бренді төңірегінде экожүйе қалыптастырып жатқан алғашқы отандық басқарушы компания», – деді аудан әкімі.
Қазір су қоймасы жағалауында заманауи серуен аймағын жасауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ аудан әкімдігі инвестициялық белсенділікті қолдау мақсатында «Туризм және инвестициялар орталығы» құрылатынын атап өтті. Бұл орталық туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы жобаларды ілгерілетуге арналған басты алаңға айналмақ.
Pana Asia – мейрамхана-қонақүй саласындағы қазақстандық компания. Бақылаушылар кеңесінің құрамында кәсіпкер Ержан және Нұржан Ниязалиевтер, Сырымбек Тау бар.
Pana Asia, Sandyq Group мейрамханалар желісі, Tary кофеханалар желісі бірігіп Aqniet Group холдингі құрамына кіреді. Оның акционері Қайрат Итемгенов Forbes тізіміне енген, дәулеті 404 млн доллар деп бағаланады.
Осы жылдың басында холдинг әйгілі «Marwin-Меломан» дүкендер желісін сатып алған еді.