
Мәжіліс депутаты Татьяна Савельеваның айтуынша, жұмыс тобы Қазақстанда экономиканың түрлі салаларына қатысты банк ашуға тыйымды алып тастау мәселесін талқылап жатыр. Енді елде ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа да банктер пайда болуы мүмкін.
Депутаттың мәліметінше, жұмыс тобы жаңа заң жобасын талқылауға қатысты он жиналыс өткізіп үлгерген. Отырыстарға нарық өкілдері де қатысқан.
«Аграрлы, құрылыс және басқа да салаларға арналған банктер ашуға тыйымды алып тастау туралы ұсыныстар да талқыланды. Олар экономиканың нақты салаларына несие беретін құралға айналып, капиталдың әмбебап банктерде шоғарлануын азайтар еді», – дейді депутат.
Бұған қоса, Савельева Ұлттық банк экономикаға, әсіресе шағын және орта кәсіпке кредит беру мәселесіне көбірек көңіл бөлуі керек деп есептейді.
Қазақстанда екінші деңгейлі 23 банк бар. Ең соңғысы – KMF Банк биыл жазда шағын несие беру ұйымынан толыққанды банкке айналды.
Осының алдында ғана елдегі банктер ипотека беруін уақытша шектеп жатқаны мәлім болған. Өйткені базалық мөлшерлеме 18%-ға көтеріліп, ал 1 қарашадан жылдық тиімді сыйақыны 20 пайыздан асырмау туралы талап күшіне енуі тиіс.