2025 жылы азаматтардың нақты ақшалай табысы азайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
доходы рухнули
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

2025 жылдың екінші тоқсанында азаматтардың нақты ақшалай табысы 0,8%-ға азайды. Ұлттық статистика бюросы осындай мәлімет жариялады.

Мекеменің мәліметінше, биыл екінші тоқсанда жан басына шаққанда орташа номинал табыс 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,4%-ға артып, 236,5 мың теңгеге дейін жетті. Дегенмен екінші тоқсанда инфляция 11,3% болғанын ескерсек, нақты табыс 0,8%-ға төмендеді.

Ірі қалалардағы табыс

Республикалық маңызға ие үш қаланың ішінде табыс өсімі жөнінен Астана алда келеді. Елордада бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 12,2%-ға артып, 337 мың теңгеге жетті. Шымкент қаласында табыс 11,5%-ға ұлғайып, 153,5 мың теңге болды.

Алматы жалпы табыс көлемі жөнінен озып тұр. Мегаполисте жан басына шаққандағы орташа номинал табыс – 371,5 мың теңге. Көрсеткіш бір жылда 10,9%-ға өсті.

Табысы төмен өңірлер

Орташа табыс көлемінің өсімі бойынша ең төмен көрсеткіш Алматы облысында тіркелді. Мұнда өсім бар болғаны 6,4% болып, 175,4 мың теңге ғана шыққан. Жамбыл облысында табыс 8,5%-ға ғана ұлғайып, 168,2 мың теңге болды.

Түркістан облысында табыс көлемі 10,9%-ға артып, 143,6 мың теңгені көрсетті. Қызылорда облысындағы көрсеткіш: 11,8% және 175,5 мың теңге.

Анықтама

Ақшалай номинал табыс – бұл азаматтардың жалпы алған ақшасының көлемі. Оған зейнетақы, жалақы, жәрдемақы, сыйақы – барлығы қосылады. Бірақ тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы (инфляция) ескерілмейді.

Мысал келтірсек, осы айда 100 мың теңге жалақы алсаңыз, ол номинал табысқа жатады. Келесі айда 110 мың айлық тисе, номинал табыс 10%-ға өсті деп айтылады. Бірақ мұнда азық-түлік, бензин және басқа да тауарлар мен қызмет түрлерінің қымбаттағаны ескерілмейді. Инфляция көрсеткіші ескеріле отырып есептелетін табысты нақты табысқа жатқызамыз.

Сондай-ақ оқыңыз