
Қазақстанда әйелдер декреттік демалыстан кейін, ақылы еңбек демалысына шығуына бола ма? Бұл заңға қайшы емес пе? Көпшілік тарапынан жиі қойылатын осы сұраққа Еңбек министрлігі мамандары жауап берді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Жеңіс Рүстемовтің айтуынша, бала күтіміне байланысты демалыстан шыққан әйелдер басқа қызметкерлер сияқты жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуға құқылы.
Заң не дейді?
Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, ақылы еңбек демалысына шығу құқығы еңбек өтілі болған жағдайда беріледі. Бұл өтілге тек нақты жұмыс істеген уақыт қана емес, сонымен қатар қызметкердің жүктілік және босану демалысында болған кезеңдері де кіреді.
«Қызметкердің ақылы жыл сайынғы еңбек демалысына құқығы бар, ал жұмыс беруші оны беруге міндетті. Бұл құқықтар демалысқа құқық беретін өтіл болған жағдайда туындайды», – деді сарапшы.
Еңбек өтіліне мына кезеңдер кіреді:
- нақты жұмыс істеген уақыт;
- қызметкердің лауазымы мен жалақысы (толық немесе ішінара) сақталған кезеңдер;
- жүктілік және босану демалысындағы уақыт;
- жұмысқа қайта орналастырылғанға дейінгі кезең.
Ал егер демалыс жалақысыз болса ше?
Министрлік өкілінің айтуынша, жалақы сақталмайтын демалыс еңбек өтіліне кірмейді. Сондықтан жұмыс беруші еңбек демалысын не аванс ретінде, не тек жұмыс істелген уақытқа пропорционалды түрде ғана бере алады.
Басқаша айтқанда, егер декреттен кейін тек бірнеше ай ғана жұмыс істесеңіз, компания толық еңбек демалысы емес, оның бір бөлігін ғана ұсынуы мүмкін.
Сарапшылар еңбек демалысын беру тәртібі ұйымның ішкі саясатында және еңбек шартында нақты көрсетілуі тиіс екенін еске салады. Сол себепті демалысқа қатысты барлық мәліметті алдын ала нақтылап алған жөн.
Айта кетейікалдағы уақытта зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тәртібі қатаңдауы мүмкін. Әсіресе, бұл Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға қатысты болмақ. Яғни мұндай азаматтардың төлемдері уақытша тоқтатылады. Елде мұндай азаматтардың саны 100 мыңнан асады.