Жаңа Volkswagen Touareg 2029 жылы электр нұсқасында шығарылады

Жарияланды 20 Қазан 2025 16:53

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: carscoops.com

Volkswagen автоконцерні Touareg жол талғамайтын көлігінің арнайы нұсқасын таныстырды. Жаңа модель Final Edition деп аталады.

Volkswagen Touareg Final Edition жол талғамайтын көлігінің барлық қолданыстағы жинақтамаларында ұсынылады. Бұл нұсқаның негізгі ерекшелігі — «Final Edition» деген жазуы беріліс қорабының тұтқасында және артқы тіректерде, сондай-ақ салонындағы ерекше жарықтандыруда көрініс табады.

Германияда бұл көліктің бастапқы бағасы 75 мың еуродан (шамамен 47,2 миллион теңге) басталады.

Фото: Volkswagen

Volkswagen бұл нұсқадан соң Touareg үлгісі өндірістен алынатынын меңзеп отыр. Компания мәлімдемесінде Final Edition «іштен жанатын қозғалтқышы бар Touareg моделінің соңы» деп көрсетілген. Бұған қоса, баспасөз хабарламасының тақырыбында «қазіргі Touareg» туралы айтылған, бұл болашақта жаңа буынының шығуы мүмкін екенін аңғартады.

Volkswagen Touareg электрокар ретінде қайта оралуы мүмкін

Volkswagen болашақ жол талғамайтын көліктерді ID сериясы аясында шығаруды жоспарлап отыр. Carscoops дерегінше, модель ID. Touareg деп аталып, VW компаниясының болашақтағы SSP платформасындағы алғашқы сериялық көлігі болмақ. Жаңа көлік 2029 жылы шығады деп күтілуде.

Еске салайық, Touareg өндірістен шыққаннан кейін, Volkswagen желісіндегі ең ірі модельге Tayron айналды. Tayron — кеңірек аудиторияға арналған, қолжетімді балама ретінде ұсынылып отыр. Бұл модель екі және үш қатарлы нұсқаларда шығарылады және 2.0 TSI 4Motion қозғалтқышымен 2,5 тоннаға дейін тіркеме сүйрей алады. Салоны әмбебаптығымен ерекшеленеді және Touareg-тің кейбір функциялары кездеседі.

Осыған дейін Volkswagen Touareg моделінің өндірістен шығарып, премиум сегмент үшін таласуды тоқтатқаны жайлы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз